Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Кейбір спортшылар тым еркелеп кеткен”: Вице-министр спортшылардың төлемдерге қатысты дауына жауап берді

Асаубаева және Шайдоров
Фото: Әлеуметтік желіден

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортшылардың төлемдерге қатысты дауына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министрдің айтуынша, спортшылардың жекелеген наразылық жағдайлары салада жүйелі мәселе бар дегенді білдірмейді.

"Жақында бізден бұл жағдай жүйелі сипатқа ие ме деп сұрады. Егер бұл жүйелі мәселе болса, бір-екі емес, мыңдаған спортшы жалақы алмай жүргенін, ақша жетпейтінін айтып, наразылыққа шығар еді. Бізде жоғарғы деңгейіндегі спортшылар бар. Олар қазақша айтқанда “тым еркелеп кеткен” деуге болады. Мұнда да түсіністікпен қарау керек, олар мықты спортшы болған кезде өздеріне деген көзқарастары бөлек болады", – деді Серік Жарасбаев.

Ол сондай-ақ Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен шахматшы Бибісара Асаубаеваға қатысты соңғы жағдайлар спортшылармен жұмыс істейтін барлық құрылымдар үшін маңызды белгі болғанын атап өтті.

Вице-министрдің пікірінше, спортшылармен көбірек сөйлесіп, туындайтын мәселелерді дер кезінде талқылауға назар аудару қажет.

"Спортшылармен әрдайым сөйлесу керек, олармен жиі кездесулер өткізу қажет. Бірақ олардың жарыстарға дайындық кестесі тығыз болғандықтан, бұл жауапкершілік олармен жұмыс істейтін жаттықтырушыларға жүктелуі тиіс", – деді ол.

Спортшыларға төлемдер мен қаржыландыру мәселелері соңғы уақытта жиі қоғамдық талқылауға айналып отыр. Осыған байланысты вице-министр спортшыларды ең алдымен спорттық жетістіктер мен халықаралық аренада елді танытуға назар аударуға шақырды.

"Жалпы бүгінгі күні, өкінішке қарай, біздің көптеген спортшылардың назары патриотизм мен басқа да маңызды құндылықтардан гөрі қаржыландыру жағына ауып кеткен сияқты. Олар бұл мәселелерді екінші орынға ысырып, әлеуметтік желілерде төлемдер туралы белсенді түрде талқылай бастады", – деді Серік Жарасбаев.

Оның айтуынша, спортшының негізгі міндеті – халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, елдің туын биіктету.

"Мен барлық спортшыларды осыған көбірек көңіл бөлуге шақырамын. Қаржыландыру және басқа да материалдық мәселелер екінші орында тұруы керек. Ең бастысы – елдің имиджі. Өйткені мұндай мәселелер тек еліміз ішінде ғана емес, шетелде де талқыланып, дұрыс түсінбеушілік тудыруы мүмкін. Біз бұған байланысты ақпараттық жұмысты бірге жүргізуіміз керек", – деді ол.

Вице-министр шетелде мемлекеттік тудың тек ерекше жағдайларда көтерілетінін де еске салды. Оның айтуынша, бұл мемлекет басшыларының сапарлары кезінде және спортшы жарыстарда жеңіске жетіп, тұғырға көтерілген сәттерде болады.

"Барлық спортшыларға айтарым – сіздер алдымен спортшысыздар, ел намысын қорғайсыздар, ақша санайтын менеджер емессіздер. Ол үшін үлкен құрылымдар, менеджерлер бар. Біз конструктивті диалогта жұмыс істеуіміз керек", – деп түйіндеді Серік Жарасбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.

Сонымен қатар, Белгілі шахматшы Бибісара Асаубаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұрады. Гроссмейстер қаржылай қиындықтарға тап болғанын айтты.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 21:17