Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түстердің қазақша атаулары мен шығу тегі

Қазақ тілінде түр-түс атаулары өте көп. Сонымен қатар қазақтың дүниетанымында түстердің өзіндік символикалық мәні бар. Бүгінгі материалымызда түр-түс атаулары, олардың мәні туралы сөз етеміз.

Ғалымдар түр-түс атауларын бірнеше топқа жіктейді:

1-топ. Қазақ мәдениетіне тән негізгі түстер: ақ, қара, көк, қызыл, жасыл, қоңыр, сары, сұр, боз;

2-топ. Негізгі түстердің атаулары арқылы жасалған қазақ ұлтына тән сөздер: ақшыл, қызғылт, алқызыл, сарғыш, қара күрең, қара торы, қоңыр қызыл, көгілдір, ақ сұр, шымқай қара, ақ боз және т.б;

3-топ. Қоршаған орта, зат, жануарлар түстеріне қатысты атаулар: ақ шарбы (бұлт), тарғыл құла, шабдар торы, шұбар, қылаң, көк қасқа, қара ала, бурыл, жирен, (мал атаулары) және т.б.;

4-топ. Бұл топқа өзге тілдердегі (әсіресе, орыс тіліндегі) зат атауымен тіркескен түр-түс атауларын қамтиды: қоңыр қызғылт, шие түстес, қоңырлау, қызғылт сары, каштан түстес, қою жасыл, ақшыл қоңыр, ақшыл жасыл, қара қоңыр, қою қызыл, ақшыл қоңыр, ашық көк, ақшыл сары.

Ғалымдардың айтуынша, заттың түсін нақты көрсетіп, түр-түс атауын жасау үшін сол зат ұлттың мәдениетінде бар болуы қажет. Мысалы, қазақтың ұлттық мәдениетінде бар болғандықтан, қазақ тілін білетін кез келген адам бидай өңді, селеу түстес, екі беті алмадай қып-қызыл, күл түстес, сүттей жарық, қарақаттай көздері, бота көз деген сипаттамаларды естігенде түс туралы нақты бір ассоциация тудыра алады.

Сонымен қатар, қазақтың дүниетанымында түстердің өзіндік символикалық мәні бар. Ол туралы Ә. Марғұлан: "көк түс – көкке табынудың, аспанның символы, қызыл – оттың, күннің, ақ – шындықтың қуаныштың, бақыттың, сары – ақыл-ойдың, қара * жердің, жасыл – көктемнің, жастықтың символы", – деп жазады. Ал этномәдени дүниетаным бойынша, ата-бабамыз дүниені төрт бұрыш деп түсініп, шығыс – көк түс, оңтүстік-қызыл түс, солтүстік – қара түс, батыс – ақ түс деген күн айналымына негізделген бұрыштарға атау берген.

Ақ түс — қазақ ұғымындағы ең қасиетті, ең ардақты, ең сүйкімді, ең жұмсақ бояулардың бірі. Мұны тіліміздегі ақ жарқын, ақ жүрек, ақ көңіл, ақ ниет, ақ пейіл, ақ жолтай болды, ақ иық, ақ иіліп сынбайды, ақ тілек тәрізді сөз орамдары дәлелдей түседі. 

Ал қара түс жағымды әрі жағымсыз мәнде жұмсалады. Мысалы: қара шаңырақ, қара халық, қара орман, қара көз, қара қас, қара шаш және т.б. жағымды мәнде болса, қараңғылық, жалғыздық, қайғы, өлім, ыза, кек, лас, кедей, сиқырлық, бақытсыздық сияқты жағымсыз мәндерде қолданылуы басым. Оған дәлел ретінде қара түнек, қаралы үй, қара дақ, қара тас, қара жамылу, қара сүйек, қара шаруа, қара жүрек, қара ниет сияқты тіркесімдерді келтіруге болады.

Сары —  даналық пен ақылдықты, байлықты, күннің нұрын бейнелейтін түс. Сондай-ақ сары түсі қозғалысты, сағынышты, аурумен байланысты көңілсіздік пен қайғыны, тоқтаусыз өмір мағыналарын да бедерлейді. Мұның негізінде сары жұрт, сары жілік, сары уайым, сары төсек болу, сары жамбас болу, сары майдай сақтау, сары алтындай сарғайып күту сияқты тіл бірліктері өмірге келгені белгілі.

Қызыл түс — ежелде Күннің, Оттың түсіне байланысты қабылданып, күні бүгінге дейін көптеген халық үшін символ ретінде қасиеттілік, махаббат символы, билік ұғымдарымен байланысты қалыптасқан. 
Қазақта қызыл түстің жағымды мағыналары түрлі сезімге байланысты әдемілік, махаббат, жастық, қуаныш, шешендік сияқты ұғымдарды, мысалы, қызыл шырайлы, қызыл қызғалдақ, қызыл көйлек, қызыл алма, қызыл шиедей сияқты сөздер мен тіркесімдерде ерекше көрініс береді.

Көк түс – жалпы адамзаттық түсінік бойынша аспан әлемі мен су кеңістігіндегі мұхит, теңіз, көл, өзен ұғымдарымен байланысты тұжырымдалады. Қазақтың дүниетанымында көк Тәңірі, көк бөрі ұғымдары жақсы таныс.
 


Қазақстанда тілдер күні мерекесін қашан және не үшін тойлайды

Талқылау