Туроператорлар шағымдануда: Алакөл бағытында уәде етілген қосымша пойыз билеттері сатылымға шықпады
Алакөл бағытында уәде етілген "Тальго" пойызы 12 маусымнан бастап жүруге тиіс еді, алайда билеттер сатылымға әлі түскен жоқ. Бұл туралы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Тальго" пойыздарының жақын арада іске қосылатыны туралы ақпарат 2022 жылғы 2 наурызда жарияланды. Сол кездің өзінде қазақстандықтар ыңғайлы пойыздарда алдын ала орын брондауды қалап, турфирмаларға қоңырау шала бастады.
"Ақпанда туроператорларға қолданыстағы теміржол рейстеріне билеттердің жеткіліксіздігі мәселесін шешуге уәде берілді. Күнара 211/212 "Алматы – Достық" және аптасына 3 рет 453/454 "Алматы – Достық" бағыты бойынша қосымша екі "Тальго" пойызын іске қосу туралы шешім қабылданды", – деді "Атамекен" ҰКП туризм департаменті директорының орынбасары Елена Михнова.
"Тұран-Экспресс" ӨК ЖШС атқарушы директоры Раушан Сартаеваның айтуынша, жаңа бағытқа билеттер жүйеде пойыз рейсті бастамай тұрып 45 күн бұрын пайда болуға тиіс. Алайда бүгінгі күні билеттер әлі сатылымда жоқ.
"Егер пойыздар белгіленген мерзімде жүре бастағанда, жүйеде билеттер 1-5 мамырда пайда болуы керек еді. Қазіргі кезде демалу және демалыс аймағына жайлы жетуді қалайтын туристер бізге үнемі қоңырау шалады. Адамдар "Тальго" іске қосылғаны туралы хабарламаларды көрген. Бірақ біз кешірім сұрап, пойыздардың жоқ екенін түсіндіруге мәжбүрміз", – деді Раушан Сартаева.
Айта кетейік, туроператорлар теміржол көлігінің жеткіліксіздігі мәселесін 2021 жылдың қарашасынан бастап көтеріп келеді. Мәселені шешу үшін "Атамекен" ҰКП өз алаңында кәсіпкерлер, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ және салалық ведомствоны бірнеше рет жинады.
Туристік нарық және "Жолаушылар тасымалы" АҚ-мен бірлесіп, туроператорлар үшін коммерциялық поездарға орындарды ерте резервтеу қағидалары әзірленіп, бекітілді. Бұл шара сұранысты түсініп, туристер мен туристік компанияларға ыңғайлы болу үшін жасалды.
"Қазір Үшарал қаласы мен Үржар кентінің әуежайлары жабылғанын ескерсек, негізгі сұраныс теміржол тасымалына түседі. Туроператорлар қосымша пойыздардың болмауы, сондай-ақ демалысқа деген үлкен сұраныс жағдайына алаңдаулы", – деді Елена Михнова.