"Түрмедегі азаптау": Ақмолада облыстық Қылмыстық-атқару жүйесінің басшысын қызметінен босату ұсынылды
Желіде сотталушыларды азаптау видеосы пайда болғаннан кейін Ақмола облысы бойынша облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысын қызметінен босату ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалар бойынша Ақмола облысы ҚАЖД мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарға бағынбау фактілерінің жолын арнайы құралдарды қолдана отырып кесуі кезінде қызметкерлердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз. Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша тәртіптік комиссияның шешімімен облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы мен оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы қызметтерінен шеттету ұсынылды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, журналист Вадим Курамшин Facebook желісінде Атбасар қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде түсірілген азаптау видеосын жариялаған болатын. Видеода колония қызметкері тұтқынмен әңгімелесіп, оның дәретхана тазалаудан не үшін бас тартқанын анықтап сұраған. Сотталушы дәретханадан басқа барлық үй-жайды жууға дайынмын деп жауап берген. Содан кейін формадағы офицерлер тұтқынды құлатып, офицерлердің бірі оны дубинкамен ұрып-соққан.
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметіне сүйенсек, желіде жарияланған видеода "қызметкерлердің қызметтік бабын асыра пайдалану белгілері бар".
Сонымен қатар құқық бұзушылыққа қатысы бар 11 қызметкер ішкі істер бөлімінен жұмыстан босатылды. Қазіргі уақытта прокуратура сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.