Түркияда ұсталған бұрынғы полиция басшысы Күдебаев Қазақстанға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Түркияда ұсталған Алматы қаласы мен Алматы облысы ішкі істер департаментінің (ПД) бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Қазақстанға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл жөнінде бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы С.М. Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды. Сот талқылауы кезінде С.М. Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды”, – делінген бейсенбіде тараған ақпаратта.
Бұған дейін Күдебаевтың ұсталып, Ыстамбұлдан Қазақстанға арнайы ұшақпен жеткізілгені хабарланған болатын. Кейін бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын ресми түрде растады.
Бұған дейін Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.
- Күдебаев елден қашып кеткеннен кейін үйқамақта отырған бес полиция қызметкерін түрмеге ауыстырған
- Серік Күдебаев Қазақстан шекарасынан ресми пункттер арқылы өтпеген - ҰҚК
58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.
Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.
Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейіннен Күдебаевтың Солтүстік Кипрде қашып жүр деген ақпарат тараған. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын айтқан. Бұл іс бойынша Қырғызстанда тергеу басталған. Бас прокуратура Түркия мен Қазақстан арасында келісімшарт бар екенін және сол бойынша жұмыс істеу басталғанын жеткізген.