Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда тегін киім-кешек пен азық-түлік тарататын дүкен ашылды

Түркістанда әлеуметтік дүкен ашылды. Тұрмысы төмен отбасыларға арнап ашылған дүкенде тегін киім-кешек пен азық-түлік таратылады. Одан бөлек, қайырымды жандар жағдайы қиын отбасыларға шамасы келгенше көмір түсіріп берген. Енді балалардың оқу ақысы мен спорт алаңшаларын салып беруді көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алты баланың анасы Жәннат Әубәкірова әлеуметтік дүкен ашылғанын естіп, Кентау қаласының маңындағы Жүйнек ауылынан арнайы келіпті. Жолдасы осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Сондықтан, бала-шағаны асыру жалғыз басты ананың мойнында. Сүт кенжесі 7-де. Дүкеннен табылса, балаларына киім-кешек алып кетпек.

"Осы жерде балаларыма керекті заттарын алып жатырмыз. Көпбалалы отбасыларға жәрдем беріп жатқан азаматтарға, осы жерді ашқан адамдарға рақметімді айтамын", - деді Жүйнек ауылының тұрғыны Жәннат Әубәкірова.

Әлеуметтік дүкен қайырымдылық қордың жанынан ашылған. Мұнда киім-кешектен бастап, азық-түлікке дейін бар. Жаны жомарт азаматтар осында тұрмысқа қажетті заттарды тегін әкеп табыстаса, дүкен қызметкерлері мұқтаж отбасыларға тегін таратып береді. Ашылғанына он шақты күн болса да, 8 жанұяға ас-ауқат, тағы бес отбасыға көмір түсіріп берген. 

Дүкенге көпбалалы отбасылар жиі келеді. Қалағанынша алып, ұнағанын киіп кетеді. Бәрі - тегін.

"Қатты қиналып отырған жандарға дәрі-дәрмекпен қол ұшын созамыз. Болашақта, ауылдық жерлерде спорт алаңдарын созсақ деген мақсат бар. Және көп балалы отбасылардың балалары оқуға түседі. Сол кісілердің балаларына грант тауып берсек деген ойымыз бар", - деді қайырымдылық қордың мүшесі Жомарт Төреханұлы.

Қайырымды жандар бұған дейін 200-ге тарта отбасыға азық-түлік пен балаларға оқулық табыстапты. Сондай-ақ, Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер мен су тасқынынан азаптанған мақтаралдықтарға да қол ұшын созған. Алдағы уақытта игі істерін одан әрі жалғастыра бермек.

Талқылау