Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда 8 жастағы бала 38 күннен бері табылмай жатыр: Анасы үкіметтен көмек сұрады

Жбаласы 38 күннен бері табылмай жатыр
Фото: Stan.kz

Түркістан облысында 8 жасар ұлын өзеннен таба алмай отырған ана үкіметтен көмек сұрады. Айтуынша ұлының жоғалғанына 38 күн болса да әлі бір хабар жоқ. Ал іздеу жұмыстары нәтижесіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Із-түссіз жоғалған Жаннұрдың анасы Манат Исабекова сол күні ұлын достарымен ойнауға күндізгі үш жарым шамасында жіберген. Бірақ арада бір сағат өтпей жоғалғаны туралы хабар келіген. Содан бері Келес өзеніне кетті деген перзентін ата-анасы жер-көктен таппай жатыр. 

“Сүңгуірлерге қарағанда қарапайым халық жанын салып іздеді. Қаншама суықта өздері суға түсті. Кранмен түсіп, темірлермен де қарапайым адамдар іздеу жүргізді. Ал сол кезде сүңгуірлер сыртта тұрды. Сағат бесте ғана суға түсіп, суретке түсіп, дрон ұшырып, тек есеп үшін жұмыс істегендей болды”, – деді Жаннұрдың анасы Манат Исабекова.

Құтқарушылардың жұмысына көңілі толмаған жақындары бұл іске төтенше жағдайлар министрлігінің араласуын сұрайды. Су айдынын Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бағытын уақытша тоқтатып, күшті құрылғыларды қоссын дейді.

Бірақ Төтенше жағдайлар қызметі бір апта бұрын Жаннұр Тұрсынбекті іздеу жұмыстарын ресми түрде тоқтатқан.

“Мамандардың қорытындысы мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, іздестіру-құтқару жұмыстары 2026 жылғы 23 сәуірде ресми түрде аяқталды. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер бір ай ішінде іздестіру жұмыстары нәтиже бермесе, судағы жазатайым оқиға қылмыстық іс ретінде қайта қаралып, әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі”, – деді Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Содан бері сегіз жасар жеткіншекті жақындары өз күштерімен іздеп жүр. Ағайыны мен ауыл тұрғындарынан жұмылған топ қалтасынан қаржы шығарып, кран жалдаған. Айналаны күні-түні күзетіп, түгел шарлап шыққан. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

“Төтенше жағдайлар қызметі жұмыстарын тоқтатып, кетіп қалды. Бізге келіп ескерткен жоқ. Өзінің бауырлары қолдан келгенше іздеп жүр: таңертең шығып кетіп, кешке қайтады. Мен тек хабарын білу үшін келіп жүрмін. Бір жерден табылып қалар ма екен деп Алладан тілеп отырмын”, – деді Жаннұрдың әжесі Абиба Исабекова.

Еске салайық, 23 наурызда Абай ауылындағы Келес өзеніне 8 жастағы оқушы аяқ киімін аламын деп ағып кеткен еді. Алайда Жаннұр Тұрсынбекті таба алмай отырған ата-анасы оған да күмәнмен қарайды. Өйткені ұлымен бірге ойнауға кеткен балалардан мән-жайды толық сұрай алмаған. Бұған кішкентайлардың ата-аналары қарсылық білдіріпті.

-

Stan.kz
Жұма, 01 Мамыр, 2026 13:15