Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмолалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өтті

 

Бүгінде 100-ге жуық этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан Ақмола облысында Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше салтанатпен өтті. Көкшетаудағы "Жаңа Жағалау" жағажайы мыңдаған тұрғынның басын қосқан ауқымды мәдени алаңға айналып, ондаған этномәдени орталықтардың жұмысы әрбір азаматтың ортақ болашаққа деген сенімін нығайта түсті.

"Ел бірлігі – Тәуелсіздік тірегі" ұранымен өткен бұл шара ақмолалықтардың мызғымас ауызбіршілігінің айқын көрінісі болды.

Мерекелік салтанатты Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ашты. Өңір басшысы өз құттықтауында қоғамдық келісім – мемлекетіміздің табысты дамуының басты факторы екенін, ал жаңарған Конституция тұрақтылық пен тең мүмкіндіктердің берік кепілі болып табылатынын атап өтті.

"Жалпыұлттық бірлік – баға жетпес байлығымыз, мемлекеттігіміздің берік іргетасы. Бүгінде барлық азаматтарымыз ортақ өткенге, бүгінге және болашаққа қатыстылығын сезінеді, баршамызға ортақ құндылықтар мен мұраттар бар. Біз бәріміз бір үлкен шаңырақтың, біртұтас қазақ елінің өкіліміз.", — деді аймақ басшысы.

Жағалау бойында "Шеберлер қалашығы" бой көтеріп, қолөнершілер мен заманауи креаторлардың көрмесі ұйымдастырылды. Тарихи-этнографиялық аймақта батырлар бейнесі жанданып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Сондай-ақ, өңірдегі 30-дан астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынып, мерекелік жәрмеңке өткізді. Мереке қонақтарының арасында "Вайнах" шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев те болды:

"Бүгін – қоғамымыз үшін өте маңызды мереке. Халықтың көтеріңкі көңіл-күйін көріп, жүрегің қуанады. Осы ауызбіршіліктің арқасында елімізде тыныштық пен келісім орнап отыр. Біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіздік. Барша ақмолалықтарға ашық аспан, бақ-береке тілеймін".

Мерекенің маңызды бөлімі – этносаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі болды. Облыс әкімі 20 белсендіге, оның ішінде дәрігерлерге, мұғалімдерге және қоғамдық қозғалыс көшбасшыларына Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты шара этномәдени орталықтардың концерттік бағдарламасынан кейін жастарға арналған Open-air шоуына ұласты. Мерекелік леп тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда сезіліп, жалпы саны мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді.

Stan.kz
Жұма, 01 Мамыр, 2026 13:44