СҚО-да бөгет салған құрылысшылардың 300 миллион теңге жалақысы төленбеген

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласының маңындағы бөгет құрылысына қатысты дау туындады. Бөгет тұрғызуға қатысқан жұмысшылар құрылыс аяқталғаннан кейін өздеріне шамамен 300 миллион теңге көлеміндегі жалақы төленбегенін айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресми деректерге сүйенсек, бұл бөгетті салуға бюджеттен 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Құрылысшылардың айтуынша, өткен жылы нысан құрылысына Ақмола, Түркістан, Маңғыстау және Алматы облыстарынан келген бригадалар тартылған. Бастапқыда жалақы уақтылы төленіп тұрғанымен, кейіннен төлемдер тоқтап қалған. Соған қарамастан, жұмысшылар тасқын маусымы басталғанға дейін үлгеру үшін құрылысты белгіленген мерзімде аяқтаған.
Жалақы ала алмаған жұмысшылар қазір қиын жағдайға тап болған. Кейбір құрылысшылар ақшаларын алмай үйлеріне қайтып кеткен, ал басқалары жалдамалы пәтерлерде тұрып, қарыз алып, несиелерін өтеуге мәжбүр болып отыр.
Қызылжар аудандық әкімдігі бұл мәселе бойынша түсініктеме беріп, бас мердігермен толық есеп айырысқанын мәлімдеді. Ал қазіргі даудың бас мердігер мен қосалқы мердігер ұйымдар арасындағы қатынастарға байланысты екені айтылды. Сондай-ақ әкімдік өкілдері кездесуден кейін бас мердігер берешекті екі-үш күн ішінде толық жабуға уәде бергенін хабарлады.
Бас мердігердің өзі бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Ал жұмысшылар болса, күте-күте шаршағандарын айтып, уәделерге сенуден қалғанын жеткізді. Егер алдағы күндері қаражат төленбесе, олар прокуратура мен еңбек инспекциясына жүгінетіндерін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жалақысын көтеруді талап еткен коммуналдық қызметкерлер 10 тәулікке қамауға алынғаны туралы жазған едік.
Оқыңыз