Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоқыстан елтаңба тауып алып, үйіне іліп қойған: Полиция блогерге не үшін айыппұл салынғанын түсіндірді

Елтаңба ұстап отырған ер адам
Фото: Жетісу облыстық полиция департаменті

Жетісу облыстық полиция департаменті қоқыстан елтаңба тауып алып, оны өз үйіне іліп қойған блогердің жауапкершілікке тартылғаны туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам мемлекеттік рәмізді тапқаны үшін жауапкершілікке тартылмаған, бұл әрекет құқық бұзушылық болып саналмайды.

Блогердің айыппұл арқалауына басқа жағдай себеп болған. 

"Белгілі болғандай, мемлекеттік рәміз табылғаннан кейін азамат оған құрметсіздік білдіретін әрекеттер жасаған, соның ішінде рәмізді әдепсіз түрде суретке түсіру және символды бұрмалап пайдаланылған бейнелерді жариялау деректері анықталған. Уәкілетті органның ұсынысы негізінде бұл әрекеттерге құқықтық баға берілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай іс-әрекеттер мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік көрсету, яғни оны пайдалану тәртібін бұзу ретінде сараланып, заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген полиция хабарламасында. 

Ер адам осы дерек бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Полиция заң аясында ғана әрекет етеді. Оқиғаның мәнін бұрмалауға тырысу қоғамда қате пікір қалыптастырады. Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тексерілген ақпарат пен ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін қоқыс арасынан елтаңба тауып алып, оны үйіне іліп қойған қазақстандық блогер айыппұл арқалағаны туралы жазған едік. Ер адамға 216 мың теңге айыппұл салынды

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 20:19