Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайрат" Чемпиондар лигасынан 35 миллион долларға дейін табыс тапқан

Фото: Видеодан скриншот

“Қайрат” футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтың Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қатысудан түскен табыс көлемін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайрат Боранбаевтың айтуынша, медиақұқықтар мен басқа да түсімдерді қоса есептегенде, жалпы сома шамамен 35 миллион долларға дейін жетуі мүмкін.

Алайда ол көпшілік бұл қаражатты клуб толық табыс ретінде тапты деп ойлайтынын, бірақ бұл олай емес екенін атап өтті. Боранбаев бұған дейін клубқа қанша қаражат салғанын ешкім есептемейтінін айтты. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін “Қайратқа” өте үлкен сома жұмсалған.

“Мен бұған мүлде өкінбеймін. Өйткені біздің футболдың қандай жағдайда екенін жақсы түсіндім. Оның үстіне, "Қайрат" Қазақстандағы жалғыз жекеменшік клуб болды”, – деді ол.

 Ол сондай-ақ клубтың жалпы бюджетін атады. Оның айтуынша, клубтың тұрақты көрсеткіш бар – шамамен 10 миллион доллар.

“Оған қоса бәрі трансферлерге байланысты. Қандай трансферлер болатынына қарай бюджет 12-15 миллион долларға дейін жетеді”, – деді ол.

Бизнесменнің сөзінше, осы соманың ішіне клубтың барлық шығыны кіреді.

“Оның ішіне бәрі кіреді: негізгі команда, "Қайрат-Жастар" командасы, 14 пен 18 жас аралығындағы 125 бала тәрбиеленетін академия, Қазақстанның әйелдер арасындағы жоғары лигасында ойнайтын "Қайрат Women" әйелдер командасы және академия жанындағы қыздар командасы”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкер "Қайрат" футбол клубын қанша теңгеге сатып алғанын айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 16:55