Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай Серікбайдың отбасы күдіктінің туыстарын да жауапкершілікке тартуды талап етті

Гүл ұстаған қыз
Фото: Әлеуметтік желіден

Нұрай Серікбайдың туыстары күдіктінің жақындарын да қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, тек күдікті ғана емес, оған қызды ұрлау кезінде қолдау көрсеткен адамдар да жазалануы тиіс. Оның пікірінше, күдіктінің туыстары қылмыстың жасалуына белсенді түрде ықпал еткен.

"Біздің отбасымыз күдіктінің туыстары мен жақындарын жауапкершілікке тартуды талап етеді. Нұрайды ұрлаған кезде олар оған көмектескен: телефонын тартып алып, жібермей, ұстап отырған. Сондықтан біз олар да жазаға тартылуы тиіс деп есептейміз", – деді Сұлтан Серікбай.

Марқұмның ағасы сот барысында қылмысқа қатысы бар адамдар жауапкершілікке тартылып, бұл іс басқаларға үлгі ретінде қаралғанын қалайтынын жеткізді. 

"Мұндай қылмысты бір адам жалғыз жасамайды, әрдайым қасында көмектесетіндер болады, дәл солардың кесірінен осындай қайғылы жағдайлар орын алады. Біз сот барысында барлық қатысы бар адамдардың жауапкершілікке тартылып, бұл іс үлгі ретінде қаралуын қалаймыз, ал күдіктіге ең қатаң жаза тағайындалуы тиіс. Біздің ойымызша, әділдік тек осылай ғана орнайды", – деді ол.

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып дабыл қақты. 

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 18:38