Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жануарларға қатыгездікпен қарағандарға жаңа айыппұл мөлшерлері енгізіледі

жануарларға қатыгездік танытқандарға айыппұл
Фото: pixabay.com

Бірінші вице-министр Нұркен Шәріпиев Қазақстанда жануарларға қатыгездікпен қарағандарғам жазаны күшейту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

30 сәуірде Сенат жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды кейбір баптармен келіспей, Мәжіліске қайтарды. Депутаттар да бірқатар ұсыныс енгізіп, жануарларды ұстау және серуендету ережелерін бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуді ұсынған.

Сенат кулуарында вице-министр бұл бағытта Әкімшілік кодекстің 407-1-бабы "Жануарларға қатыгездікпен қарау" бойынша айыппұлдар айтарлықтай өсетінін айтты.

Егер қылмыстық құрам болмаса, жеке тұлғалар үшін айыппұл 5-тен 30 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғалар үшін 10-нан 50 АЕК-ке дейін көбейеді. Қайталанған жағдайда жаза одан әрі күшейеді. Барлық деңгейде айыппұл шамамен 2,5 есе артады.

Сонымен қатар жануарларды ұстау орындарында тәртіп және серуендету ережелерін бұзғандарға да айыппұл өседі. Жеке тұлғаларға, лауазымды және заңды тұлғаларға салынатын айыппұлдар да кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ.

 Ең маңызды өзгерістердің бірі – жануарды тастап кету (панажайға тапсырмай тастау) үшін де әкімшілік жауапкершілік енгізу. Бұл үшін де айыппұлдар қарастырылған: жеке тұлғаларға 30 АЕК-тен бастап, қайталанса 60 АЕК-ке дейін.

Сондай-ақ, жануарды дұрыс ұстамау салдарынан адамға немесе мүлікке зиян келтірілген жағдайда да жаңа жауапкершілік түрі енгізіледі. Мұнда айыппұлдар 100 АЕК-тен (432 мың теңгеден) бастап, заңды тұлғалар үшін 400 АЕК-ке (1 миллион 730 мың теңгеге) дейін жетуі мүмкін.

Министрлік бұл қатаңдатулардың мақсаты – қараусыз жүрген және иесіз жануарлар санын азайту екенін атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заң ұсынылғанын хабарлаған едік. Заң бойынша, жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: бұралқы жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі керек болған. Алайда қазақстандықтар бұл заңға қарсы шықты. Ал Сенат қаңғырған жануарлар туралы жаңа заңды мәжіліске қайтарды.

Stan.kz
Жұма, 01 Мамыр, 2026 09:33