Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда Қырғызстаннан темекі тасып, миллиардтарды шетелге шығарған схема анықталды

теңге контрабанда
Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында прокуратураның үйлестіруімен құны шамамен 200 млрд теңгеге жететін көлеңкелі қаржы айналымының және бірнеше контрабандалық схеманың жолы кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының көлеңкелі экономикамен күрес жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысының прокуратурасы бірнеше заңсыз қаржы және контрабандалық схеманы әшкереледі.

Прокуратураның мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында Қырғызстаннан Қазақстанға контрабандалық жолмен темекі өнімдерін тасымалдап, оларды Түркістан облысы мен елдің батыс өңірлерінде сатумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылған.

Тексеру кезінде жалпы құны 103 миллион теңгеге бағаланған темекі өнімдері тәркіленді. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұдан бөлек, шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалап келген қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Тергеу барысында заңсыз жолмен алынған ақшаның бір бөлігі мемлекеттік орган қызметкерлеріне пара ретінде берілгені анықталған.

Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) және 367-бабы (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 адам анықталып, олардың бесеуі қамауға алынды.

"Сондай-ақ прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген арнайы іс-шаралар нәтижесінде жалған кәсіпорындар арқылы шамамен 200 миллиард теңге көлеміндегі қаржының алыс және жақын шетелдерге заңсыз шығарылғаны белгілі болды. Факті бойынша Қылмыстық кодекстің 235-1-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтердің жарияланбайтынын хабарлады", – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда көршілес елдерден контрабандалық жолмен әкелінген әрі заңсыз өндірілген дәрі-дәрмектерді сатумен айналысқан төрт фармацевтикалық компанияның қызметін тоқтатқан еді. Тергеу барысында жалған дәрілерді шығарған жасырын цехтар анықталып, фармацевтикалық бақылау департаментінің пара алды деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалары ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекетке 800 миллион теңгеден астам салық төленбеген.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 10:11