Түркістанда өгей әкесі қызын анасының көз алдында зорлаған - заңгер қылмыскерге ең қатал жазаны талап етуде
Түркістанда қызын бір жыл бойына зорлап келген өгей әкені "НемолчиЮг" қоғамдық қорының басшысы заңгер Данияр Жиенбаев заңның қатал талаптарымен жазаға тартуды талап етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Экспресс К” сайтына сілтеме жасап.
Сурет “Экспресс К” сайтынан алынды
Қайғылы оқиғадан кейін жесір қалған Ақмарал есімді әйел екінші рет тұрмысқа шыққанда қызы екеуінің басына осындай бақытсыздық түседі деп ойламаған. Әйелдің жаңа жолдасы Бәйдібек ауданының тұрғыны еш жерде жұмыс істемеген. Оның орнына күнделікті ішімдік ішіп, әйелге қол жұмсаудан қолы босамаған. Әйел ер адам күндердің күні дұрысталады деген үмітпен төзіп келген. Тек ер адамның қызына деген жаман пиғылын байқаған ол қорқа бастаған.
"Мен мұндай жағдайды алғаш байқағанымда, қызды қойнынан жұлып алдым. Бірақ ол маған: "Бұл менің де қызым емес пе, жаман нәрсе ойлама", – деді. Бір күні мас болып келгенінде мені есімнен танып қалғанымша ұрды. Осылайша мен ес-түссіз жатқанымда қызыма тиіскен. Қызымның айқайлаған даусынан оянып кетіп, жүгіріп бардым. Балапанымды құзғынның қолынан құтқаруға қанша тырысқаныммен шамам жетпеді, ол осылайша қызымды менің көзімше зорлады”, – деген әйел сол сұмдық күнді осылайша еске алады.
Есін жиған ер адам жасаған қылмысынан қорқып, әйел мен қызынан жалынып кешірім сұраған. Ол барлығына арақтың кінәлі екенін айтып, мұндай енді қайталанбайды деп ант-су ішкен. Және егер ол полицияға шағымданса екеуін де өлтіретінін айтқан.
Әйел полицияға бармаған және біраз уақыттан кейін оқиға қайталанған. Өгей әкесінен зорлық көріп жүрген қыз басында анасына айтудан қорыққан, бірақ кейін шыдамай барлығын жайып салған.
"Мен сол кезде учаскелік полицияға жүгіндім, бірақ ол маған бұл менің қызым екеумізге үлкен дақ болатынын айтып, арыз жазудан айнытты", – деп қосты әйел.
Тек арада жыл өткеннен кейін ғана қызы мен анасы қаскөйдің қолынан қашып шығып, Шымкент қаласындағы "Көмек" орталығына келген. Тек сол кезде ғана әйелдің арызына байланысты полиция әрекет етуді бастаған.
Өгей әкені қолға түсірген. Бірінші өткен тергеуде ол жасағанын мойындағанымен, алайда кейін айтқанынан бас тартқан.
"Ал қазір ол мүлдем ешнәрсе болған жоқ деп отыр. Сәуір айында қылмыстық іс "кәмелетке толмағандарға жасалған сексуалдық зорлық" бабы бойынша айыптау актісімен сотқа жіберілген. Бірақ оның шешімі қандай болатыны әзірге белгісіз", – дейді заңгер Данияр Жиенбаев.
Заңгердің айтуынша, осы уақыт ішінде үш рет өзгерген мемлекеттік қорғаушылар Ақмарал мен қызының мүддесін қорғауға мүлдем асықпайды. Ал өзі барлық жерде жапа шеккендердің жанында жүруге тырысады, бірақ оған сот отырысына қатысуға тыйым салынған.
Зорлық көрсеткен азамат, тіпті жақсы заңгерлердің көмегімен де жауапкершіліктен құтылып кете алмайды дейді Данияр Жиенбаев.
"Сотталушының қорғаушысы оның ең аз жыл алуы үшін барлығын жасайды. Ал біз оның кемінде ширек ғасырға темір торға тоғытылғанын қалаймыз", – деп түйіндеді заңгер.