Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында кафеге жұмысқа орналасқан мектеп оқушысы бастығын зорлады деп айыптаған: Ер адам ақталып шықты

Түркістан облысында кәмелет жасына толмаған қызды зорлады, қорқытты және суицидке итермеледі деп айыпталған азамат жазадан құтылып кетті. Сот оған жеңіл үкім кескен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар.кз-ке сілтеме жасап. 

Бұл жайында қоғам белсендісі Дина Таңсәрі дабыл қаққан. Оның сөзінше жасөспірім қыз жылдам тамақтану орнына жұмысқа орналасады. Кейін сол кафе директоры қызға арам ойы кеткен. 

“Соңғы қоңыраудан кейін кафе директоры қызға көлікпен барып, жұмыс мәселесі бойынша сөйлесеміз деген сылтаумен қала шетіне алып кеткен. Сол жерде зорлап, қыздың арын таптайды. Артынша абыройынан айырылған жасөспірімге “үйленеміз” деген сөзімен көңілін жұбатады. Бірақ арам пиғылын азамат бірнеше рет қайталаған. Тіпті ұятсыз суреттеріңді таратып, Түркістан жұртына көрсетемін деген сөздерімен қорқытқан. Ақырында қыз бала суицид жасады. Іс сотқа үш бап бойынша түскен. Кәмелет жасына толмаған қызды зорлау, суицидке жеткізу және өзінше билік ету. Бірақ сот бұл жағдайды қыз бен ер адам арасындағы жыныстық қатынас келісіммен болған дегенге келтіріп, айыпталушыға жеңіл жаза кесті. Мұны қалай түсінуге болады”, - деп жазады Дина Таңсәрі. 

Ал Түркістан облыстық сотында ер адамның кәмелет жасына толмаған қызбен жақындасқанын растап отыр. Бірақ күдікті кінәсін дәлелдеу қиын болған. Дей тұрғанымен сот барысында прокурор айыпталушыны 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ұсынған. Бірақ сот ешбіріне мән бермей, оны тек бір ғана баппен кінәлі деп таныды. Енді сотталушы бір жыл түрмеде жазасын өтейді. 

Сот үкімі күшіне енген жоқ. Жәбірленуші тарап аппелицияға шағымданды. 

"Сотталушы кәмелетке толмағанды жұмысқа апаратынына сендіріп, көлікке отырғызды. Осылайша, сотталушы жәбірленушінің қашып кетуіне жол бермеу үшін көліктің есіктерін құлыптап, оны артқы орындыққа жатқызып, шешінуге және жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр етті. Прокурор сотталушының қылмыстық әрекеттерін талдап, сотталушыны қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі (зорлау), 105-баптың 3-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу), 149-баптың 2 бөлігі (күш қолдану) бойынша кінәлі деп тануды және 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот үкімімен ол қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот хабарламасында.

Талқылау