Түркістан облысында 7-сынып оқушысы өз әкесінен жүкті болып қалды
Қыздың анасы Қазығұрт аудандық полициясына арыз түсірген. Ол 50 жастағы күйеуінен өз қызын зорлады деп күдіктенетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CMN.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: newsmir.info
Аталған іске қатысты Түркістан олысы полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Жандос Құлмахан жауап берді.
"Анасының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда отыр. Сараптамалар тағайындалды. Барлық жағдайлар анықталып жатыр. Кәмелетке толмаған қыз дағдарыс орталығына орналастырылған, оған тиісті көмек көрсетіледі. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр", – деді тергеу басқармасының басшысы Жандос Құлмахан.
Әйелдің айтуынша, күйеуі қызын 2023 жылдың шілде айынан қыркүйек айына дейін зорлаған. Қыз жүкті болып қалып, мерзімі 27 апта баланы көтеріп жүр.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске сала кетейік, сәуір айында Жамбыл облысында 12 жастағы оқушы қызды зорлау туралы атышулы іс бойынша үкім шыққан еді. Бойжеткен жергілікті депутаттың 55 жастағы күйеуінен жүкті болып қалған. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек наурызда Түркістан облысында 7-сынып оқушысын зорлау ісі бойынша сот үкімі шықты. 17 жастағы студент жігіт қызды бірнеше ай бойы қорқытқан, бопсалаған және өзін өзі өлтіремін деп қорқытқан. Ол екі жыл ғана түрмеде отырып шықты. Бұл шешім жәбірленушінің отбасын ашуландырды. Мектеп оқушысының анасы үкімге шағымданбақ.