Аймағамбетов уәдесін орындамады: Қазақстанда даладағы мектеп дәретханасы мәселесі жаңа оқу жылында шешілмеді
ҚР оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әжетханасы далада орналасқан мектептердің мәселесін әлі шешкен жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
2022 жылдың көктем айында Асхат Аймағамбетов мектептердің бәріне ішкі әжетхана салынатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұрын елдегі 2700 мектептің дәретханасы далада орналасса, соңғы екі жылда тек 50 мектептің мәселесі қалды. Десе де көктемнен бері аталған 50 мектептің мәселесі шешімін таппады.
Түркістан облысының 49 мектебінде әлі күнге дейін ішкі әжетхана жоқ. Ал Сарыағаш ауданында дәретханасы болса да, оған суы тартылмаған он шақты мектеп бар. Жамбыл Жабаев, Елшібек батыр мектептерінің оқушылары жыл он екі ай даладағы әжетханаға шығуға мәжбүр. Аталмыш білім ордаларына әжетхана салу жоспары да қарастырылмаған. Оқушылардың ата-аналары балаларының қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін алаңдаулы.
“Мектепте 900-ге жуық бала бар. Қыстың күні амалдап сыртқа шығарамыз, басқа амал жоқ. Ендігі бір мектептерде ішкі әжетхана бар бола тұра, суы жоқ немесе бірінің есігіне құлып салынған. Кей мектепте сыртқы есігінде әжетхана екендігі жазылмаған” – дейді Сарыағаш ауданы Елшібек батыр атындағы мектептің шаруашылық меңгерушісі Бекжан Темірбаев.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметіне сенсек, Түркістан бойынша мемлекеттік 908 мектептің 81-і ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған.
“827 мектеп жеке септик пайдаланады. 49 мектепте ішкі әжетхана жоқ. 270 мектептің ішкі әжетханасы талапқа сай емес. 809 мектепте сыртқы әжетханалар жойылмаған. Мәселені шешуге 570,4 миллион теңге қаржы қажет”, – делінген баспасөз ведомоствосында.
Мұндай жағдай Қарағанды облысында да кездеседі. Әжетхана мәселесі шешілмеген 5 мектептің бары айтылған.
Сюжет жарияланған соң, Түркістан облысының білім басқармасы бұл статистиканың 2019 жылғы дерек екенін мәлімдеп, мұндай мәселе тек 7 мектепте кездесетінін көрсеттті.