Боливияда жанармай дауына байланысты 50 күннен бері наразылықтар күшейіп, төтенше жағдай жарияланды

Боливияда 50 күннен астам уақытқа созылған жаппай наразылықтар ел экономикасын тұралатып, билікті төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті. Президент жолдарды ашу және елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін арнайы режим енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Родриго Пас азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне үндеу жасады.
“Мен ел жолдарын босату үшін төтенше жағдай режимін енгізуді тапсырдым. Боливиялықтар жұмыс істеуге, білім алуға, медициналық көмек алуға, өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге және үйлеріне азық-түлік жеткізуге кедергі келтіретін блокадалардың кепілінде қала алмайды”, – деді ол.
Пастың айтуынша, төтенше жағдай режимі боливиялықтардың "қалыпты өмірін бұзу" үшін емес, оны қалпына келтіру үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ ол "адал диалог жүргізгісі келетіндер үшін үкімет есігі әрдайым ашық болатынын" айтты.
CNN мәліметінше, наразылық білдіруші кәсіподақтардың жолдарды жабуы елдің кей бөліктерінде азық-түлік, жанармай және дәрі-дәрмек тапшылығына әкеліп, соңғы 50 күнде экономиканы тұралатып тастаған.
Наразылықтар мамыр айында басталды. Бұған Пас бюджет тапшылығын азайту мақсатында ұзақ жылдар бойы беріліп келген жанармай субсидияларын қысқарту туралы шешім қабылдағаннан кейін түрткі болған.
ОқыңызДағдарыстан зардап шеккен ел экономикасында шетел валютасының тапшылығы байқалады. Бұрын мол болған табиғи газ экспорты күрт қысқарып, инфляция соңғы 40 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Президенттің отставкасын талап етіп жатқан наразылық білдірушілерге жұмысшылар кәсіподақтары, фермерлер және бұрынғы президент Эво Моралестің жақтастары қосылған. Олар жалақыны көтеруді және жанармай тапшылығын жоюды талап етіп отыр.