Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

SPF кремдері зиян ба, әлде күнге күйген қауіпті ме: Онколог көпшілікті алаңдатқан сұраққа жауап берді

күннен қорғайтын крем зиян ба
Фото: pixabay.com

Күннен қорғайтын кремдер денсаулыққа зиян ба, әлде күн сәулесінің өзі қауіпті ме? Онколог дәрігер SPF туралы кең тараған мифтерге жауап беріп, тері обырының алдын алуда күннен қорғайтын құралдардың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі doctorpiter.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Теріні күн сәулесінен неге қорғау қажет екенін онколог-химиотерапевт Юлия Шевченко түсіндірді. Дәрігердің айтуынша, ультракүлгін сәулелер жасушалардың ДНҚ-сын екі түрлі жолмен зақымдайды.

"UVB-сәулелері меланоцит жасушаларының ДНҚ-сын тікелей зақымдап, нүктелік мутациялар туғызады. Ал UVA-сәулелері белсенді оттегі түрлерін түзіп, тотығу стрессін тудырады. Соның салдарынан теріде созылмалы қабыну пайда болып, жергілікті иммунитет әлсірейді", – деді маман.

Мұндай зақымданған жасушалар кейін бақылаусыз көбейіп, тері обырының даму қаупін арттыруы мүмкін. Күн сәулесінің ұзақ әсері көбіне базальды жасушалы және жалпақ жасушалы тері обырымен байланысты. Ал тері обырының ең агрессивті түрі саналатын меланома үшін қатты күнге күйіп қалу аса қауіпті.

Күннен қорғайтын крем қауіпті ме?

Онколог күннен қорғайтын кремдер тері немесе қалқанша без обырын тудырады деген пікірдің миф екенін алға тартты.

"Статистикаға сүйенсек, күннен қорғайтын кремді күн сайын қолдану меланомаға шалдығу қаупін 50%-ға, ал жалпақ жасушалы тері обырының қаупін 40%-ға төмендетеді.

Кремдегі кейбір химиялық ультракүлгін сүзгілер қанға өтіп, гормондық реттелуге әсер етуі мүмкін. Алайда әлемдегі бірде-бір ірі реттеуші орган мұны күнделікті қолдану кезінде адам үшін дәлелденген қауіп деп танымаған. Күннен қорғайтын кремдердің пайдасы олардың ықтимал зиянынан әлдеқайда басым",  – деді дәрігер.

Маман крем құрамына алаңдайтындарға кейбір компоненттерге назар аударуға кеңес береді.

“Мәселен, оксибензон эндокриндік жүйеге ықтимал әсеріне байланысты жиі талқыланады. Сондай-ақ октокрилен мен гомосалатқа қатысты да пікірталастар бар. Дегенмен олардың косметикадағы мөлшері қатаң реттеледі.

Егер күмән болса, дәрігер титан диоксиді мен мырыш оксиді сияқты физикалық сүзгілері бар өнімдерді таңдауға кеңес береді”, – деп қосты ол.

Юлия Шевченконың сөзінше, күнге қатты күйіп қалу меланоманың маңызды қауіп факторларының бірі.

"Өмірінде кем дегенде бір рет қатты күнге күйген адамдарда меланома қаупі екі есе артады. Сондықтан қорғаныссыз аптап ыстық күн астында өткізілген бір апталық демалыстың өзі денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.

Күннен қорғайтын крем жалғыз қорғаныс құралы емес. Тиімді алдын алу шаралары – күннен қорғайтын кремді пайдалану, жабық киім кию, бас киім тағу және күн белсенділігі ең жоғары уақытта көлеңкеде болу", – деді маман.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 20 Маусым, 2026 18:40