"3 есе көп төледім": Алматылықтар коммуналдық қызмет үшін төлемнің көп шыққанына шағымданып жатыр (видео)
Алматы тұрғындары коммуналдық қызметтер үшін ай сайын төленетін соманың көп шыққанына наразылық білдіріп жатыр. Олардың бірі видео жариялап, электр энергиясы үшін төленетін қаражат осы айда шарықтап кеткенін айтады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі "АлматыЭнергоСбыт" басқармасына хабарласып, мән-жайды сұрап көрді.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Қала тұрғыны Зарина Исаханованың айтуынша, ол өткен айға қарағанда 3 есе көп төлеген.
"Алматылықтар, осы айда коммуналдық қызметтерге, әсіресе, электр жарығына да күдікті қомақты соманы төледіңіз бе? Мысалы, шілде айына 6 500 теңгедей төледім, осы айда 16 мың теңгеден көп келді. Яғни, мен 200 киловатт артық жұмсадым. Дегенмен өткен аймен салыстырғанда ештеңе өзгерген жоқ", – деді алматылық тұрғын.
Зарина өзінен бөлек тағы басқа тұрғындарда да осы мәселе туындағанын айтты.
"Бір қызығы, қандай да бір себептермен көршілердің пәтерлеріне төлейтін коммуналдық төлемі әлдеқайда көп болған. Парақшамда оқырмандар дәл осындай мәселеге тап болды ма деп сұрадым. Ең қызығы, олар да мен секілді 4-5 мың артық келгенін айтты. Таңғаларлығы, неліктен барлығында электр жарығы 4-5 мың теңгеге қымбаттаған?" – деді Зарина Исаханова.
Бұдан бөлек Әсем есімді қыз өткен айға қарағанда көп төлегенін және мүлдем кондиционер қоспағанын айтады.
“Өткен айға қарағанда екі есе көп төледім. Мысалы, шілде үшін 7 500 теңге, ал тамыз айы үшін 15 000 теңге көлемінде шықты. Сома көп шығады дейтіндей үйде өзім ғана тұрамын. Су, жарық, электр энергиясын бірқалыпты жұмсаймын. Күндіз жұмыста боламын. Қалай шығын көп кеткенін түсінбедім. Басқармадан түсініктеме беруін сұраймын”, – деді Әсем.
Сонымен қатар желі қолданушылар да қыздың пікірін қостап, шу көтерді.
"Тура осындай түсініксіз жайтқа тап болдым", "Біз де 10 мың теңге көп төледік", "Екі есе көп сомма шықты", "Ооо, сұрақтарым бар жалғыз адам емес екенмін. 2 аптаға кетіп қалғаныма қарамастан сома өткен айға қарағанда көп", "Бұл бірінші жыл емес! Өткен жылы да бізде осындай болды", – деп ашуланды желідегілер.
Редакция тілшісіне "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС баспасөз хатшысы Индира Дүйсебаева түсіндіріп берді.
"Шілде-тамыз кезеңінде электр энергиясын тұтынудың өсуінің негізгі себептері: 1) кондиционерлер мен желдеткіштердің максималды пайдаланылуына әкелген аномальды жоғары температура; 2) балалардың жазғы демалысы; 3) күндізгі жарық уақыты қысқарды", – деп жауап берді "АлматыЭнергоСбыт" өкілі.
Сонымен қатар Индира Дүйсебаева кез келген алматылық бағаның шамадан тыс көтерілуіне қатысты арыздана алатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін энергетика министрлігі "Ашық НҚА" порталында электр энергиясына жаңа шекті тарифтерін бекітуді ұсынды. 1 қыркүйектен бастап электр бағасы өсетіні айтылды. Алайда бұл мәселе төңірегінде "АлматыЭнергоСбыт" Алматыда баға көтерілмегенін ескертеді.
@takeiteasy20
♬ оригинальный звук - Зарина Асанханова