Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түнде бетімізде жүреді": Алматы облысында бір үйді тарақандар жаулап алған

Алматы облысының тұрғыны Елена Черкасова екі ай бойы пәтеріндегі тарақандармен арпалысып жүр. Күн жылығанда тірілген жәндіктерді қаншама рет жоюға тырысып, жасамаған амалы қалмапты. Күн сайын көбейе түскен тарақан тіпті түнде бетімізде жүреді деп үрейленіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 

“Алысып шаршадық. Мұнымен енді қалай күресерімізді білмейміз. Тарақандардың көзін жою үшін өз басым не істемедім. Апта сайын улауға қанша ақшам кетті. Тіпті заттарымыз бен жейтін тамақтарымызды полиэтилен қапшыққа орап жүреміз. Әйтпесе асымызға араласа бастады”, – дейді Алматы облысының тұрғыны Елена Черкасова.

Тұрғындар баспананың бұрыш-бұрышында, жиһазда, бөлмеде, дәлізде асханада қаптаған зиянкесті ұялы телефонға түсіріп алған. Жағдайдың  ушығуының себебін біле алмай дал. Бірі бес қабатты үйдің шіріген жертөлесінен шықты десе,  енді бірі үй маңындағы қоқыстан келген болуы мүмкін деп болжайды.

“30 мың теңге кетті. Біреуіне 15 мың, екіншісіне 15 мың. Арасына екі апта салып, Соның өзінде тарақан жойылмады. Енді біз түрлі у алып пайдаланғанның өзінде балаларымның аллергиясы бар. Ол улардан да біз қорқамыз. Қатты улаған жағдайда жан-жағымыздағы пәтерлердегі адамдарға кесіріміз тие ме дейміз. Ондай да жағдай болған гой”, – дейді Алматы облысының тұрғыны  Анар Қуатбаева.

Жұрт жиналғанда пәтер иелері кооперативінен ешкім төбе көрсетпеді. Ал санитар дәрігерлер тұрғын үйлерді дезинфекция жасау міндетімізге кірмейді деп отыр. Жақында тағайындалған ауыл әкімі бұл жағдайды кеше ғана естігенін айтып, мәселенің шешілуіне өзім бас-көз боламын дейді.  

“Әкімшілік тарапынан бүгінде кәсіпкерлердің басын қосып, қазір осы кісілердің қолындағы келісімшарты бар дезинфекция жасап береміз деп отыр”, – дейді Энергетический ауыл округінің әкімі Қанат Рахимов.

Сенбіде үйдің төменгі қабатынан бастап дезинфекция жасаймыз деп кепіл беріп отыр. Осылайша ауыл әкімі ірісі сұқ саусақтай тарақандардың хлорға да, борларға да бой бермейтінін айтып, залалсыздандыруды бүтін бір тұрғын үйге жасаймыз дейді.

Талқылау