Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Бейжіңдегі әскери парадтан кейін Ресей, Қытай және Солтүстік Кореяны астыртын қастандық жоспарлап жатыр деп айыптады

Трамп Бейжіңдегі әскери парадтан кейін Ресей, Қытай және Солтүстік Кореяны астыртын қастандық жоспарлап жатыр деп айыптады

Фото: Andrew Harnik / AP Photo

АҚШ президенті Дональд Трамп парад басталысымен-ақ Ресейді, Қытайды және КХДР-ды АҚШ-қа қарсы астыртын қастандық жоспарлады деп айыптап, Truth Social желісінде жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Трамп Қытайдың тәуелсіздік алуындағы Американың орасан еңбегін атап өтті.

“Негізгі сұрақ мынада, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Қытайға азаттық алуға көмектесу үшін АҚШ көрсеткен зор қолдау мен қанша қан төгілгенін атап өте ме, жоқ па? Қытайдың жеңіс пен даңқ жолындағы күресінде көптеген америкалықтар қаза тапты”, – деді ол.

Сонымен қатар ол Владимир Путинмен және Ким Чен Ынмен әскери парад тамашалаған Си Цзиньпин мен қытай халқына “ғажайып мерекелік күн” тіледі.

“Сіздер АҚШ-қа қарсы қастандық ойластырып жатқанда Владимир Путин мен Ким Чен Ынға менің ең жылы лебіздерімді жеткізіңіз”, — деп жазды Трамп.

Сондай-ақ Дональд Трамп Ресей президенті Путинге қатты ренжігенін жеткізді. Ол Скотт Дженнингстің радиошоуында сөз сөйлеп, Украинадағы соғысқа қатысты бірнеше мәлімдеме жасады.

“Президент Путинге өте қатты ренжідім, мұны ашық айта аламын және біз адамдардың жақсы өмір сүруіне көмектесу үшін белгілі бір шаралар қабылдаймыз”, – деді ол. Алайда бұл ойын Трамп ары қарай тарқатып айтқан жоқ.

Жаз бойы Трамп бірнеше рет Владимир Путинге “ренжулі” екенін айтқан. Оның сөзінше, Путин соғысты тоқтату үшін ымыраға келгісі келмеген. Ал тамыз айында Путин мұндай реніш “қатты үміттенген” жағдайда туады деп жауап берген еді. Бұл жағдай 15 тамызда Аляскада өткен екі президенттің кездесуіне дейін болды. Ол кездесуде Трамп Путинді жылы қабылдап, өзінің көпшілік алдында айтқан позициясын өзгерткен еді.

Скотт Дженнингске берген сұхбаттта Трампқа “Қытайда АҚШ-қа қарсы “ось” құрылып жатқан жоқ па” деген сұрақ қойылды. Алайда Трамп мұндай осьтің құрылуы өзін алаңдатпайтынын жеткізді. Әңгіме соңғы күндері Тяньцзинь мен Бейжіңде өткен, бірқатар елдердің басшылары қатысқан кездесулер жайлы болды. Қазір Путин Қытайда қалып, осы іс-шараларға қатысып жатыр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 08:28
Талқылау