Төтенше жағдайды бірден ескертеді: Қазақстанның бүкіл аймағына Mass Alert шұғыл хабарлау жүйесі енгізілмек
Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының бас маманы Мағомет Ахриев алдағы уақытта Mass Alert шұғыл хабарлау жүйесі бүкіл Қазақстан бойынша енгізілетінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Бас маман қазір қаржыландыру мәселесі талқыланып жатқанын алға тартты.
"Біз бұл мәселе оң бағытта шешіледі деп жоспарлап отырмыз және бүкіл республика бойынша осы жүйені енгіземіз. Қазір ол тек Алматыда жұмыс істеп тұр. Дегенмен бүкіл республика бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бізге төтенше жағдайлар кезінде санаулы секунд ішінде хабар беруге мүмкіндік береді", – деді ол.
Шұғыл хабарлау жүйесін енгізу жұмыстарына IT-мамандар, ТЖМ және әкімдік өкілдері тартылған.
Mass Alert – ұялы байланыс операторларының желіні қамту аймағына, жеке таңдалған географиялық аймақтарда абоненттерге келетін ескерту жүйесі. Ол төтенше жағдай кезінде тіпті желілерде жүктеме болып, жылдамдық кідірген кезде де жұмыс істейді. Яғни ескерту хабарлама бірден келеді.