"Төрт айлық емізулі сәбиіне не болады": Алматыдағы автобус апатына күдікті әйелге қатысты тың деректер айтылды
Алматыда 18-автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза тапқаннан кейін оған соқтығысқан жеңіл көлік жүргізушісі қамауға алынды. Жаңа деректерге сай жүргізуші әйелдің төрт айлық емізулі сәбиі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Апат болған жерде автобусқа соқтығысқан Kia Sportage автокөлігін 28 жастағы Анель Сартаева басқарған. Ол Salem social media компаниясында "5:32", "Эскорт", "1286" сияқты танымал қазақстандық сериалдарға продюсерлік еткен.
Михаил Козачков айтуынша апатқа күдікті деп танылғаннан кейін Анель уақытша ұстау изоляторына қамалған.
“Полицияның жол-көлік оқиғасы төңірегіндегі резонансқа байланысты тергеу кезінде әйелді тұтқындауды талап еткеніне сенімдімін. Оның адвокаты Қанат Әлсейітов бүгін осы тақырыпта жазба жариялады Мен де оны қолдаймын. Белгілі болғандай, Анель – 4 айлық баланың анасы. Енді нәрестені емізу үшін оны изоляторға алып келеді екен. Сәбиге жасанды қоспалы сүт беруге болмайды. Егер Сартаева 2 айға қамалса, онда сәбиіне не болады?” – деп жазды Козачков.
Журналист Анельдің қылмысты абайсызда жасағанын және оқиға орнынан қашпай, зардап шеккендерге көмектесіп, жедел жәрдем шақырғанын жеткізді.
“Неге оны қазір, сот үкіміне дейін қамауға алу керек? Біздің қоғамда күдіктілерге бұлтартпау шарасын таңдау төңірегінде біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Бұл туралы адвокаттар үнемі айтып жүр. Кейінгі бір жарым жылда Жоғарғы сот қамауға алу тәжірибесін өзгертіп, кепілге немесе басқа шектеулерге жиі жүгіне бастады. Менің ойымша, бұл дұрыс. Дәл қазір емізулі нәрестенің анасын темір торға қамау кімге тиімді? Сонда сәбиді де анасымен бірге ауа жоқ тергеу изоляторына қамау керек пе?” – деп қосты ол.
Сартаеваның адвокаты Қанат Әлсейтов те қорғалушысының оқиға кезіндегі әрекеті мен сәбиінің болуы үй қамақ жағдайында қалдыруға себеп екенін жеткізді.
Еске салсақ, Алматыда қоғамдық көлік апатқа ұшырап, салдарынан бір адам қаза тауып, 16 жолаушы жарақат алған еді.