Төреғали Төреәлі жас жігітті себепсіз соққыға жықты деп айыпталды
Төреғали Төреәлінің басы тағы дауға қалды. Әнші жас жігітті себепсіз соққыға жықты деп айыпталды. Әлеуметтік желіде бет-аузы қан-жоса болған жігіт пен оны балағаттаған Төреғалидің видеосы тарап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ORDA басылымына сілтеме жасап.
Видео авторының айтуынша, оқиға кеше, 28 қыркүйек күні Алматы облысы, Кеген ауданы, Көлсай көлінде болған. Төреғали себепсізден себепсіз гид қызметін атқарып жүрген жігітті ұрып соғып, оған балағат сөздерін жаудырған. Автордың айтуынша, Төреғалиге гидтің көзқарасы ұнамай қалыпты.
"Біз автобусқа қайта келгенде Төреғали Төреәлінің атпен шауып жүргенін, біздің Бекарысты балағаттағанын көрдік", - дейді автор.
Аталған іске қатысты Алматы облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
"Тексеру шаралары басталды. Алматы облысы ПД басшысының тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау Кеген аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүктелді. Жүргізілген іс-шараларды Алматы облысының Полиция департаменті бақылауға алады", - дейді Алматы облысы ПД басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов.