Төреғали Төреәлі қолына сыпырғыш алып, жазасын қалай өтеп жатқанын көрсетті (видео)
Танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі сот тағайындаған 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған жазасын қалай өтеп жатқанын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бейнеден алынды
Әнші Instagram парақшасында қолында сыпырғыш пен тырма ұстап қалалық саябақта жапырақтарды тазалап жүрген видеосын жариялады. Төреғали өз жазбасында ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңінен үзінді келтірді.
Әнші қоғамдық қызметке Calvin Klein бейсбол қалпағы мен күннен қорғайтын көзілдірік тағып, қызғылт сары коммуналдық жилет киген.
Айта кетейік, полицейлер Төреғали Төреәліні 14 маусым күні жол ережесін бұзғаны үшін ұстаған еді. Әнші өзін агрессивті ұстап, полицияға бағынбай, әдепсіз сөздер айтып, қамауға алынған жерінен қашып кетпек болған. Сараптамаға сәйкес, ол есірткілік масаң күйде болған.
Әнші 20 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Кейін полицияға бағынбағаны үшін қамауға алу мерзімі ұзартылды. Қыркүйек айының соңында әнші тағы да сотқа келді. Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды (Төреәлінің асырауында бес кішкентай баласы бар) ескеріп, оны 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды.