Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төреғали 5 күндік концерті мен үйлену тойын ұйымдастырған продюсердің ақшасын бермей қойған

Төреғалидің 5 күндік концерті мен үйлену тойын ұйымдастырған отандық продюсер Жан Мұқанов әншімен ақша үшін жанжалдасып қалғанын ашық айтты. Бұған дейін бірнеше жыл бойы Төреғалимен жұмыс істеген ол әншінің бар былықтарын жайып салды. Ол Төреғалидің атқарылған жұмыс үшін ақша төлегісі келмей жалтарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.

Жан Мұқанов бұл туралы Telegram парақшасында әңгімеледі.

“Ең басында арада болған жайтты сыртқа шығармаймыз деп келіскенбіз. Бірақ ел арасында жүрген соңғы сыбыстар оның өз сөзінде тұрмайтынын көрсетті. Мені, яғни өз “бауырын” батпаққа тастады. Мен үндемеген сайын, жұрт оныкі жөн деп ойлауда. Ал мен болған жайды жұмсақ тілмен түсіндіруге тырысамын”, – деп бастады сөзін продюсер.

Мұқанов Төреғалимен 2015 жылы “Жігіттер” тобының концертінде танысқанын алға тартты. Айтуынша, ешкім танымайтын шақта Төреғали қарапайым, мейірімді әрі сыпайы жігіт болатын.

Төреғалидің Республика сарайында өткен алғашқы концертін ұйымдастыру міндеті Жан Мұқановтың мойнына жүктеліпті.

“Концертті “Ұлы дала баласы” деп атайық дегенімізде әкесі қарсы болды. Ел дұрыс түсінбей қала ма деп қорықты. Мен дегенімде тұрып алдым. Есесіне сол кезден бастап бұл атау оның есімімен қатар жүретін болды”, – деп түсіндірді Мұқанов.

Алғашқы концерт сәтті өтті, бірте-бірте Төреғали еліміздегі ең танымал жұлдыздар қатарына қосылды. Продюсер әншінің имиджі мен оны таныту жолында аянбай жұмыс істегенін айтады.

“Бұл әртісті мақтан тұта бастадым. Екі жыл ішінде ол қатардағы әртістен ең танымал әншілер тізіміне қосылды. Тиісінше гонорары өсті. Алғашқыда 200-500 доллар алатын Төреғали бір жылдан кейін 8 мың доллардан таба бастады. Нағыз жұлдызға айналды. Оған Instagram-дағы 2 миллион оқырман дәлел бола алады”, — дейді продюсер.

Продюсердің айтуынша, Төреғали танылған соң адамгершіліктен жұрдай қалып, абыройын айрандай төгіп, Мұқанов командасының еңбегін еш еткен.

Ақша үшін болған жанжал қазан айында 5 күн қатарынан өткізілген концерт кезінде болған.

Продюсер жоспарлы 15 мың билеттің небәрі 4 мыңы сатылған соң қиындыққа тап болғанын айтады.

“Ақшасы болмады, мен де барымды салғанмын. Сондықтан қарыз алуыма тура келді. Алдағы уақытта кеткен ақшаны қайтару үшін 10-15 тапсырысты алуын сұрадым. Қазір маңыздысы концерт қой дедім. Бірақ ол: “Жоқ. Ол сенің проблемаң, Жан. Мен концерттен кейін оны өтемеймін. Билет сатылмаса, демек нашар жұмыс істегенсің, дұрыс жарнама жасамағансың. Менің оған қатысым жоқ”, – деп жауап берді. Бұған дейін ол менімен бұлай сөйлеспейтін. Бұл қалай болғаны деп түсінбедім. Сосын билетке кеткен ақшаны қайтаруын талап еттім”, – деп түсіндірді Мұқанов.

Оның айтуынша, Төреғалидің әкесі 1500 билетті өзіне алған.

“Ақша мүлдем жетпеді. Алып-сатарлардан естігенім, сауда жүрмей жатқандықтан, әкесі билеттерді жарты бағаға сата бастапты. Бірақ бұл шақта біреуге сенуге де болмайтын еді. Десе де ақша жоқ және оны таба алмайтынын айтты. Өз мойнымда қалғанын түсіндім. Бұл оқиға концерттердің ортасында болды, сондықтан артқа шегіне алмадым”, – деп түсіндірді Мұқанов.

Сондай-ақ, продюсер әншінің үйлену тойы үшін болған жанжал туралы шындықты жайып салды.

“Тойға келсек, алғашқыда мен тек декор, жарық, дыбыс, шақыру қағазы, жас жұбайлардың киімі, неке жүзігі мен Дубай сапарына (Дубайға бірге барып, “Толқыным” әніне бейнебаян түсіру керек едік) жауап беретін болып келістік. Ақырында мен онымен ешқайда ұшпаймын деп шештім. Ал турагенттік онымен тікелей жұмыс істеуден бас тартты. Сондықтан ол сапарға шықпадық. Бірақ келісілген өзге нәрселердің бәрі орындалды. Мен ақымақпын, оның неке жүзігі мен смокингіне дейін, тіпті барлық концерттік костюмдеріне дейін сатып алдым. Қазір ес жиып, өткен оқиғаға көз салсам: “Бұған қалай жол бердім?” деп ойлаймын. Соқыр боп қалғандаймын”, – деп ашуланды продюсер.

Продюсер той жасау өзінің идеясы әрі PR-қадам болғанын мойындады.

“Бірақ той күні жарық пен дыбысқа төлейтін ақшам болмады. Сондықтан әкесінен көмек сұрадым, анығында билет ақшасын қайтаруын талап еттім. Алайда ол мені балағаттап тастады. Мұндайды тіпті өз әкемнен көрмеген мен тұтқаны қоя салдым. Төреғали келген соң жағдайды соған түсіндірдім. Оның жауабы: “Жан, бұл менің проблемам емес, өзім той үшін алаңдап тұрмын, қазір уақытым жоқ”, – деді. Не үшін алаңдаулы екенін түсіндірмеді. Концерттері өтіп кетті, сондықтан оған бәрібір болды. Ақырында сол жарық, дыбыс пен лэдке тапсырыс бердім, әйтпесе той болмас еді. Бірақ артынша, яғни той басталмас бұрын кетіп қалдым. Әрине, тойдағы қадірлі қонақтардың бірі мен боламын деп ойладым. Бірақ моралдық тұрғыдан ауыр тиді, сондықтан ол тойдың куәсі бола алмадым. Міне осылай”, – деп ағынан жарылды Мұқанов.

Продюсер Төреғали барлық әндерінің авторлары Қайнар Алагөзов, Құрал Молжанов пен Аян Сейітовке мардымсыз ақы төлейтінін жайып салды.

“Әрине, қазір есімді жиып, әрі қарай жұмыс істеу керек екенін түсініп отырмын. Бірақ бұдан былай бұл адамдармен қанша ақша берсе де жұмыс істемеймін деп шештім. Тіпті, ренішім де жоқ. Оны құртып жатқан допинг, оны доғармайынша ештеңе өзгермейді. Әлі де болса есін жиып, жасалған жұмысты қалыпқа келтіреді деп үміттенемін. Ол үшін қанша күш, нерв, ақша мен ұйқысыз түндер жұмсалды. Тәубеңе кел, Төреғали! Әлі қызықтың бәрі алда. Жасың небәрі 25-те”, – деп түйіндеді сөзін продюсер.

Жіберіп алмаңыз:

Тамара Асар философия ғылымдарының докторы атанды

Баян сұлудың рөлін сомдаған актриса лауазымды азаматтың қызы болып шықты

Атышулы Байзақова өзінің қамауда болғаны, даулы видео мен екіжүзділер жөнінде айтты

Димаш Құдайберген әлемдік турнесін тоқтатып үйіне оралды (видео)

Талқылау