Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Шымкент әкімінің есебін қабылдап, бірқатар тапсырма берді

Тоқаев пен Ғабит Сыздықбеков
Фото: akorda.kz

Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады. 

Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11%-ға ұлғайған. Шымкент аталған көрсеткіш арқылы өңірлер арасында екінші орын иеленген.

2025 жылы қала экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Жалпы өсім – 7,5%.

Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңге болатын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

“Президентке биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отырғаны жөнінде баяндалды. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызға өсті. Бұл өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында байқалды”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Сонымен қатар мемлекет басшысына бұған дейінгі тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат берілді.

Қазір Шымкентте 200 орынға шақталған заманауи перинаталдық орталық салынуда. Сондай-ақ биыл 150 орындық оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған. 35 мың жанкүйер сыятын заманауи стадион, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері мен боччаға арналған мамандандырылған кешен құрылыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды. 

Тоқаев Шымкент қаласын одан әрі дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Абай облысының әкімін қабылдаған еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 21:44