Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Рақымшылық аясында айыппұлдар қалай жойылады: Ішкі істер министрлігі түсіндірді

вице-министр
Фото: ortcom.kz

Қазақстанда әкімшілік рақымшылық аясындағы айыппұлдар электрондық жүйе арқылы автоматты түрде есептен шығарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Сенаттағы брифингте Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді. 

"Сенат заңды қабылдаған соң әкімшілік рақымшылық қолданылатын баптардың тізімі белгілі болды. Енді айыппұлдарды есептен шығару туралы қаулыны Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті электрондық форматта әзірлейді", – деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, уәкілетті лауазымды тұлға қаулыға қол қойған соң құжат орындау үшін сот орындаушыларына жолданады. Осыдан соң айыппұлдар автоматты түрде есептен шығарылады.

"Азаматтарға ешқайда барып, ақпарат алудың қажеті жоқ. Барлық процесс автоматты режимде жүзеге асады", – деді вице-министр.

Санжар Әділовтің сөзінше, барлық рәсім аяқталған соң азаматтарға рақымшылықтың қолданылғаны және айыппұлдың есептен шығарылғаны туралы SMS-хабарлама келеді.

"Бұл жұмысты алты ай ішінде аяқтаймыз. Айыппұлдардың басым бөлігі жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты құқық бұзушылықтар бойынша болады. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау, жолақ белгілерін бұзу секілді жағдайлар қамтылады. Бұл жерде негізінен жылдамдықты асыруға қатысы жоқ құқық бұзушылықтар туралы айтылып отыр", – деді ол.

Сонымен қатар тыныштық сақтау ережелерін және абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтардың айыппұлдары да есептен шығарылады.

"Рақымшылықтың негізгі бөлігі осы санаттарға қатысты болады. Біз бұл бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Рақымшылықты сәтті жүзеге асырамыз деп ойлаймын", – деді Санжар Әділов.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды Сенат мақұлдағаны туралы жазған едік. Оған сәйкес, 1,5 мыңнан аса сотталғанның жазасы жеңілдетіледі. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 17:10