"Өкініш болған жоқ": Сұлтан Сәрсемәлиев әйелінің бауырлары Наурыз мен Мейрамгүлді қалай өлтіргенін айтып берді

Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған күдіктіге қатысты сот жалғасуда. Сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев өзінің қайын інісі 32 жастағы Наурыз бен қайын әпкесі 35 жастағы Мейрамгүлді қалай өлтіргенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдіктінің айтуынша, ол Наурыз Мұқанғалиевпен сөзге келіп, жанжалдың соңы төбелеске ұласқан. Осы сәтте Сұлтан Сәрсемәлиев асхана пышағын алып, Наурызды 9 рет пышақтаған.
"Наурыз бірден қайтыс болған жоқ. Менде мұндай жағдай алғаш рет болды, мен тіпті бұрын мал да сойып көрмеппін", – деді күдікті.
Сондай-ақ ол шамамен 15 минут аулада отырып, кіреберіс есік ашыла ма деп күткенін айтты. Кейін ол қайтадан үйге кіріп, Наурыздың еденде жатқанын көрген.
"Наурыз әлі тірі деп ойладым және егер ол аман қалса, отбасына күйеу баласының өзін өлтірмек болғанын айтып қояды деп қорықтым", – дейді айыпталушы.
Айыпталушының айтуынша, оқиғадан кейін ол полиция шақырмақ болған және кешке дейін ой үстінде жүрген.
"Шынымды айтсам, полиция шақырғым келді, бірақ менің бес балам бар, ең кішісі ол кезде 4 айлық еді. Әйелім оларға қарай алмайды. Сөйтіп не істерімді білмей, ойланып жүрдім", – деді айыпталушы.
ОқыңызСұлтан Сарсемәлиев сотта қараша айында Мейрамгүлді қалай өлтіргенін де айтып берді. Оның айтуынша, қылмыс жасалған кезде үйде балалар мен әйелі Ақбаян болған. Айыпталушының сөзіне қарағанда, Жангелдинде қыздың ата-анасын өлітргеннен кейін, Мейрамгүлді Ақбаянға көмектесіп, жанында болу үшін өздерімен бірге алып кеткен. Алайда кейін олардың арасында жанжал туындаған.
"Ол менің ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Психикалық мәселелеріне байланысты ол анасының сөздерін бойына сіңіріп алған. Ол бұрын анасы айтқан сөздерді қайталай берді", – деді Сарсемәлиев өз жауабында.
Айыпталушының айтуынша, жанжал оның ашуын келтірген.
"Алдымен қолтық тұсына ұрдым, кейін бетіне. Оның аузын жапқым келді де, пышақпен бетіне ұра бастадым. Ол тіпті айқайламады. Менде өкініш болған жоқ. Үш адамды өлтіргеннен кейін, байқасаң, бәрібір болып кетеді екен", – деді күдікті.
Іс материалдарына сәйкес, Мейрамгүл өзінің ата-анасы Максот Қарабалин мен Насип Мұқанғалиеваны өлтіруде қолданылған пышақпен өлтірілген. Айыпталушының айтуынша, кісі өлтіргеннен кейін ол Мейрамгүлдің денесін бұрын Наурыз Мұқанғалиевтың мәйітін жасырған жерге апарып, шұңқырға бетін төмен қаратып көміп тастаған.
Еске салсақ, бұған дейінгі сот отырыстарында күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев үш адамды қасақана, ал біреуін абайсызда өлтіргенін мойындаған еді.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді