Алматы әуежайында құрылыс жұмыстары кезінде алып құбырлар жолаушылардың жанына құлаған

Алматы әуежайында құрылыс жұмыстары кезінде биіктен құбырлар құлап, жолаушылардың жанына түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Алматы әуежайының аумағында болған оқиға туралы ақпарат тарады. Куәгерлердің бірінің айтуынша, 11 маусым күні күндіз құрылыс жұмыстары кезінде биіктен ірі құбырлар үзіліп түсіп, жолаушылардың жанына құлаған.
Оқиға туралы Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде бөлісті. Оның айтуынша, оқиға болған сәтте жақын маңда оның туыстары, балалар және ұшақтың ұшуын немесе келуін күтіп тұрған басқа да жолаушылар болған.
Куәгердің айтуынша, оқиға жақын маңда болған адамдардың арасында қатты алаңдаушылық тудырған.
ОқыңызАлматы әуежайының баспасөз қызметі құбырлардың желдету гофрасын түсіру кезінде ажырап кеткенін хабарлады.
"Инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары барысында желдету элементінің төбеден төмен түсірілуі кезінде ішінара ажырауы орын алды", – делінген әуежай хабарламасында.
Әуежайдың мәліметінше, құрылым бастапқыда баяу түрде төмен түсіріледі деп жоспарланған, алайда монтаж барысында күтпеген жағдай орын алған.
"Құбыр алдын ала бекітілген еді, содан кейін оны қажетті деңгейге дейін кезең-кезеңімен түсіріп, қайта бекіту жоспарланған. Алайда түсіру барысында жалғану нүктесінде ажырау орын алып, нәтижесінде құрылым сақтандыру тростарына ілініп қалған", — деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы әуежайын су басқаннан кейін басшылығы жауапқа тартылғаны туралы жазған едік.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді