Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жөндеу жұмыстарын аяқтайтын уақыт болды": Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайындағы құрылысты шілдеге дейін аяқтауды тапсырды

Нәлібаев Алматыда
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жұмыс сапары барысында мегаполистің негізгі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарын аралады. Соның ішінде әуежай мен вокзалды көріп шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Алматы әуежайында болып, нысанның инфрақұрылымын дамыту жобаларының жай-күйімен, соның ішінде перрон ғимараты, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары құрылысымен және ішкі рейстер терминалының реконструкциясымен танысты.

Алматы әуежайы жаңа халықаралық терминалының жалпы аумағы – 56 мың шаршы метр, 93 миллиард теңге инвестиция салынған нысанның өткізу қуаты жылына 14 млн жолаушыға өскен. 

"Алматы халықаралық әуежайы" президенті Көсе Гөкердің айтуынша, нысанды басқаруды қолға алған TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясы былтыр тамыз айында жалпы сомасы 360 миллион доллар болатын алдағы бес жылға арналған бас жоспарын бекіткен. Онда терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жердегі қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны және бортта тамақтандыру нысандарын тұрғызу, қонақ үй мен көп деңгейлі паркинг салу сынды тағы да басқа жобалар қарастырылған.

Нәлібаев Алматыда
Фото: primeminister.kz

Нәлібаев әуежайды көру үшін әдейі келгенін айтты. Ол мұндағы жұмыс қарқынына көңілі толған жоқ.

"Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қаламыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті. Туристер ағыны өсетін жаз мезгілі қарсаңында жаңғыртудың қарқынын да арттырыңыздар, халықтың жағдайын назарға алыңыздар", — деді Нәлібаев.

Сондай-ақ Алматы әуежайының халықаралық терминалын су басу оқиғасына арнайы тоқталды. 

Содан соң ол "Алматы-1" вокзалына барып, былтыр наурыз айында басталған реконструкциялау жұмысын тексерді. Жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғаны туралы мәлімет берілді, бірақ ұйғарым алу 11 тамызға қалған.

"Қазақстан Темір жолының" жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді.  "Қазақстан Темір жолы" басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын", — деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Нәлібаев Үлкен Алматы айналма автожолына назар аударды. Алматы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов трассаға 6 жерден радиалды жолдарды әкеліп қосудың құрылыс-монтаждау жұмыстары барысын баяндады.

Мысалы Сабатаев көшесіне дейінгі аумақта 410 жер телімінің тек 118-і ғана сатып алынған. Ал Ақын Сара көшесінің бойындағы 66 жер телімі түгел мемлекет меншігіне алынғанымен, жылыту маусымы кезінде жоғары кернеулі электр желісін сөндіру мүмкін болмағандықтан, 110 кВ тірек-бағандарды демонтаждау кейінге қалдырылған. Бұл учаскеде жұмыстар биылғы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Өзге радиалды жолдар бойынша да жұмыс жалғасуда.

Осы орайда Алматының үлкен айналма күре жолындағы құрылыс жұмыстарын жеделдету туралы тапсырма берілді. Нұрлыбек Нәлібаев екінші және үшінші жылу электр орталықтарында болды.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 12:31