Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ердоғанмен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Тоқаев пен Ердоған
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Келіссөз шағын құрамда болған.

“Жоғары мәртебелі президент мырза, қадірлі бауырым, өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл – тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!” – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы былтыр Анкараға жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алды. Ол стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысы өткенін айтты.

“Онда маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз”, – деді президент.
Ердоған мен Тоқаев
Фото: Ақорда

Режеп Тайып Ердоған да қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.

“Бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін”, – деді Түркия президенті.

Еске салсақ, Түркия президенті Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 14:09