Қазақстандықтарға жарты жылдық ақылы демалыс алу мүмкіндігі берілмек

Қазақстандықтар үшін жарты жылға дейін ақылы демалыс алудың жаңа мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда жалақысы мен жұмыс орны сақталатын ұзақ мерзімді демалыстың жаңа түрі ұсынылды. Осыған байланысты Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілмек.
Сенатта “Еңбек заңнамасын жетілдіру туралы” заң жобасы қаралды. Құжаттағы негізгі нормалардың бірі – жұмысын оқуымен немесе ғылыми қызметпен қатар алып жүрген қызметкерлерге алты айға дейін оқу демалысын беру.
ОқыңызҚазір оқу демалысы көбіне емтихан тапсыру, диплом жазу немесе зертханалық жұмыстарды орындау сияқты оқу процесіне байланысты беріледі. Енді заңда оны мына мақсаттар үшін де пайдалану мүмкіндігі нақты көрсетілмек:
- әскери даярлық резерві бағдарламаларынан өту;
- диссертация жазу және қорғау;
- ғылыми зерттеу жүргізу;
- өзге де ғылыми жұмыстармен айналысу.
Сонымен қатар оқу демалысының ұзақтығы алты айдан аспауы тиіс деген шектеу белгіленеді.
“Бұған “Болашақ” халықаралық стипендиясы аясында шетелде оқу немесе тағылымдамадан өту жағдайлары кірмейді. Тараптардың келісімі бойынша оқу демалысы бөліп-бөліп берілуі мүмкін”, – делінген құжатта.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – оқу демалысы кезінде қызметкердің жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталуы тиіс болады. Бұған дейін мұндай кепілдіктер заңда нақты бекітілмеген еді. Сол себепті көбіне жұмыс берушінің шешіміне немесе ішкі келісімдерге байланысты болған.
Ал “Болашақ” бағдарламасының қатысушылары үшін бөлек норма қарастырылған. Олардың жұмыс орны сақталады, алайда шетелде оқу немесе тағылымдамадан өту кезеңіндегі жалақыны төлеу мәселесін жұмыс беруші өзі шешеді.
“Іс жүзінде жұмыс пен ғылыми зерттеуді қатар алып жүру, әсіресе қарқынды академиялық кезеңдерде, өте қиын болуы мүмкін”, – делінген заң жобасына берілген түсіндірмеде.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызметкерлерге жұмыс уақытында скринингтен өтіп, жалақысын сақтауға мүмкіндік берілетіні туралы жазған едік.
Желіде дау болған элиталы мектеп оқушысының "Қазақстан тарихы оқытылмайды" дегені шындыққа жанаспайды – Оқу-ағарту министрлігі