"Жұмыс, жеңілдіктер мен баспанаға 7 миллион теңге": Қазақстандықтар ірі қалалардан Солтүстік Қазақстан облысына көшуде

Солтүстік Қазақстан облысына биыл үлкен қалалардан 400-ден астам отбасы қоныс аударған. Қоныс аударушыларға жұмыс беріліп, баспана сатып алуға көмек ретінде 7 миллион теңгедей қаражат төленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Аймаққа негізінен азаматтар Түркістан, Алматы облыстарынан, сондай-ақ Шымкент пен Астана қалаларынан келген.
Қоныс аударушыларға жұмыс беріліп, баспана сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады.
Корниловтар отбасы өткен жылдың тамыз айында Талдықорғаннан Петропавлға көшіп келген. Жұбайы – мұғалім, мамандығы бойынша бірден жұмыс тапқан. Үлкен баласы мектепте оқиды. Ал кішісі балабақшаға орналастырылып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында отбасы үш бөлмелі пәтер сатып алған.
“Алғаш келгенде жалдамалы пәтерде тұрдық. Экономикалық ұтқырлық сертификаты үлкен көмек болды. Биыл ипотека арқылы пәтер сатып алдық. Өз жинағымыз да болды, қалғанын ипотекамен рәсімдедік. Енді осы жерде қалып, дамуды жоспарлап отырмыз”, – деді қоныс аударушы Павел Корнилов.
ОқыңызСолтүстік өңірлерге көшетін азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетіледі. Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде бір реттік төлем беріледі. Биыл бұл сома 300 мың теңгеден асады. Сонымен қатар жалдамалы баспана мен коммуналдық қызмет шығындары өтеледі. Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға 7 миллион 28 мың теңге көлемінде экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады.
СҚО еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұрлан Бибулаевтың айтуынша, 2026 жылы квота бойынша оңтүстік өңірлерден 800 отбасыны және 65 қандас отбасын көшіру жоспарланған. Қазіргі таңда өңірге 401 отбасы мен 37 қандас отбасы қоныс аударған.
2025 жылы облысқа 2 мыңнан астам адам көшіп келген. Солтүстікке қоныс аударуға ниетті азаматтар әлі де өтініш беріп жатыр екен.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?