Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ғажайып таблетка": Ғалымдар арықтағаннан кейін салмақты ұстап тұратын препарат әзірледі

ғалымдар арықтайтын препарат дайындады
Фото: Getty Images

Ғалымдар иньекция арқылы арықтаған адамдардың салмағын кейін ұзақ уақыт сақтап қалуға көмектесетін жаңа препарат әзірледі. Ал бұрын артық салмақтан арылғандардың көбі иньекция алуды тоқтатқан соң қайта салмақ қосатын болған. Ғалымдар бұл препаратты семіздік ауруымен науқастанғандарға таптырмас құрал боларын алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әңгіме orforglipron атты дәрі туралы болып отыр. Бұл препарат қазір АҚШ-та қолданылып жүр. Ал жақын уақытта Ұлыбританияда да сатылымға шығуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл дәріні бір жыл бойы күн сайын қабылдаған адамдарда салмақ тастауға арналған GLP-1 инъекцияларын тоқтатқаннан кейін салмақтың қайта қосылуы айтарлықтай аз болған.  

Nature Medicine журналында жарияланған зерттеу Eli Lilly компаниясының қолдауымен жүргізілген. Бұл компания салмақ тастауға арналған Mounjaro препаратымен де танымал. Ғалымдардың пікірінше, бұл терапия кей науқастар үшін ұзақ мерзімді, тіпті өмір бойғы емге айналуы мүмкін.

Кембридж университетінің семіздікпен күрес бағытындағы маманы доктор Мари Сприклидің айтуынша, бұл зерттеуге қатыспағанымен, көптеген адамдар үшін күнде таблетка ішкен инъекциядан гөрі әлдеқайда қолайлы көрінуі мүмкін. Дегенмен, ол бұл әсердің ұзақ мерзімде қаншалықты сақталатыны әзірге белгісіз екенін де ескертеді.

"Бұл зерттеу семіздіктің жай ғана уақытша жағдай емес, қайта-қайта асқынуы мүмкін созылмалы ауру екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр. Сондықтан ол көбіне тұрақты ем мен қолдауды қажет етеді", – дейді ол.

Orforglipron инъекциялық арықтататын дәрілер сияқты жұмыс істейді. Тәбетті төмендетіп, тоқтық сезімін ұзақ ұстайтын табиғи гормонның әсерін қайталайды.

АҚШ-та ол қазірдің өзінде қолданыста, әрі бағасы да салыстырмалы түрде арзан. Айына шамамен 149 доллар. Ал кейбір ұқсас инъекциялық препараттардың құны 1000 доллардан асып кетеді. Дегенмен АҚШ-та бұл дәрілердің бағасын төмендетуге бағытталған келісімдер де талқылануда. Ұлыбританияда препараттың нақты бағасы әлі белгісіз, себебі ол нарыққа енді шығайын деп тұр.

Ұқсас таблетка түріндегі нұсқаны Novo Nordisk компаниясы да жасап жатыр. Ол АҚШ-та мақұлданған, ал Ұлыбританияда әлі шешім күтуде. Зерттеуге АҚШ-тан 376 адам қатысқан. Олардың барлығы бұған дейін бір жылдан астам уақыт GLP-1 инъекцияларын (Mounjaro немесе Wegovy сияқты) қолданып, айтарлықтай салмақ тастаған.

Кейін оларға инъекцияларды тоқтату ұсынылған. Бір жыл бойы олар күн сайын orforglipron немесе плацебо қабылдап отырған. Бірақ қайсысын ішіп жатқанын өздері білмеген.

Нәтижесінде orforglipron қабылдағандар бұрын жоғалтқан салмағының 70%-дан астамын сақтап қалған. Ал плацебо тобында бұл көрсеткіш 38–50% ғана болды. Жанама әсерлер кездескенімен, көбіне жеңіл болған: жүрек айну, іш қату, іш өту сияқты белгілер байқалған.

Сонымен қатар, препарат қабылдағандарда қан қысымы, холестерин және қандағы қант деңгейі де жақсы күйде сақталған. Бұл болашақта семіздікке байланысты жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін азайтуы мүмкін.

Stan.kz
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 14:20