Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ хандығының қашан құрылғанын білмеймін": "Қазақстан тарихын оқымаймыз" деген элиталық мектеп оқушысының жауабы наразылық тудырды

Қазақстан тарихы
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандағы элиталық мектептердің бірінде оқитын оқушы әрі блогердің мәлімдемесі дауға ұласты. Танымал бағдарламалардың бірінде көрермендер қойған "Қазақ хандығы қашан құрылды?" деген қарапайым сұраққа ол "Біздің мектепте Қазақстан тарихы пәні өтпейді, сондықтан білмеймін" деп жауап берген. Оның сөзі желіде лезде тарап, білім беру жүйесіне, әсіресе халықаралық және жекеменшік мектептердегі ұлттық пәндердің оқытылуына қатысты өткір пікірталасты туындады. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі оқу-ағарту министрлігінен және білім ордасынан түсініктеме сұрады.

Әлеуметтік желіде тараған бір видео қоғамда қызу пікірталас тудырды. Видеода оқушы әрі блогер “Біздің мектепте Қазақстан тарихы өтпейді. Біздің мектебіміз ағылшынша білім береді. Саған қандай пәнді оқитынымыздың не маңызы бар. Сен бәрібір мұны түсінбейсің” деп жауап береді. Содан кейін көрерміннің “Неліктен, бұл әр қазақстандық білуге тиісті қарапайым сұрақ емес пе?” деп сұрағанда ол “Біздің мектепте мүлдем “Қазақстан тарихы” пәні өтпеді” дейді. 

Кейін threads желісінде (nothingleftloud) жариялаған жазба көпшіліктің назарын аударды. Онда автор "Біздің элиталық мектептерде Қазақстан тарихы оқытылмайды екен. "Айтпақшы, бұл баланың әкесі депутат" деп жазып, қоғамда қызу талқыға себеп болды.

Қазақстан тарихы туралы автордың пікірі
Фото: threads.com желісінен скрин

Пікір қалдырушылардың бірі "Мұндай мектептерді жабу керек. Қазақстанда білім беретін кез келген мектепте Қазақстан тарихы міндетті түрде болуы тиіс" деп жазған.

мирас мектебіне оқырмаған пікірі
Фото: threads.com желісінен скрин

Тағы бір қолданушы мәселені одан әрі өткір көтеріп "Осынша мәңгүрт қайдан шығады? Әрине, Қазақстандағы элиталы мектептерден" деген пікір білдірген. Кей қолданушылар халықаралық мектептердегі жағдайды түсіндіруге тырысқан.

"Қазақстандағы кез келген халықаралық мектепте (Haileybury, QSI немесе Miras болсын) Kazakh Studies пәні заң бойынша міндетті. Бірақ оның форматы өзгеше. Сағат саны аз болуы мүмкін, әрі екпін құрғақ даталарды жаттаудан гөрі мәдениет пен контекстке қойылады. Дегенмен Қазақстан тарихын оқымай, елде аттестат алу мүмкін емес. Бірақ қазақ тілі мен тарихына жеткілікті деңгейде мән берілмейтіні таңғалдырады", – дейді пікір иелерінің бірі.

Тағы бір оқырман ұлттық құндылықтарға алаңдаушылық білдіріп "Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болды, бірақ қазақ тілін де, тарихты да тиісті деңгейде білмейміз. Мәдениет пен дәстүрге де үстірт қараймыз. Кеңес дәуірінде көп дүние жойылды, ал біз өз тарихымызды қайта жаңғырта алмай отырмыз. Бүгінде жастар өз елінің қадірін бағаламайтын сияқты" деп жазған.

Ал енді бірі "Бұрын орыс тілді, өз тарихы мен тілін білмейтін мәңгүрттер өссе, қазір сондай ағылшын тілді буын қалыптасып жатыр. Олар өздерін қарапайым халықтан жоғары қояды" деп пікір білдірген. Сондай-ақ тағы бір қолданушы "Кейін осындай “білгішсымақтар” ата-анасының ақшасына шетелде оқып, кейін депутат болады. Сосын неге билік халыққа бейжай қарайды деп таңғаламыз. Олар біздің тарихымызды да, тілімізді де білмейді, ұлттық бірегейлік жоқ" деген сын қалдырған.

@user2567846124477

 

♬ оригинальный звук - Тарих.Алаш арыстары

Дауға қатысты оқу-ағарту министрлігі ресми түсініктеме беріп, Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарына ортақ талаптар бар екенін атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше, ел аумағында жұмыс істейтін кез келген мектеп, оның ішінде халықаралық оқу орындары да, мемлекеттік стандарттарға сай міндетті пәндерді толық көлемде оқытуға тиіс.

"Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының 40-бабы 1-тармағына сәйкес білім беру ұйымдарына заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың филиалдары (оның ішінде халықаралық мектептер) жатады. Олар меншік нысаны мен ұйымдық-құқықтық түріне қарамастан білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады", – делінген жауапта. Аталған заңның 56-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары білім беру ұйымдарының барлық түрлері үшін міндетті болып табылады", – деп атап өтті ведомство.

Министрлік дерегінше, қолданыстағы стандарттарда Қазақстан тарихы негізгі пәндердің қатарында.

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес “Қазақстан тарихы” пәні міндетті оқу пәндерінің тізіміне енгізілген. Халықаралық мектептердің қызметін реттейтін үлгілік қағидаларға сәйкес, Қазақстан тарихы білім беру бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі тиіс. Осылайша, меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымдары, оның ішінде халықаралық мектептер де, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аталған пәндерді міндетті түрде оқытуды қамтамасыз етуге тиіс", – деп түйіндеді ведомство.

Редакция Алматыдағы Miras International School әкімшілігіне де хабарласып, мән-жайды нақтылады. Білім ордасының өкілдері аталған жағдайға қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, оқу бағдарламасында Қазақстан тарихы пәнінің бар екенін атап өтті.

"Біздің оқу бағдарламамызда Қазақстан тарихы пәні толық көлемде қарастырылған және ол аптасына екі рет өткізіледі. Бұл пән мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес оқытылады. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде тараған жағдайға байланысты оқушымен және оның ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады", – деп мәлімдеді мектеп өкілдері.
Stan.kz
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 20:02