Енді Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы екпе 14–17 жастағы қыздарға да салынады

Қазақстанда енді 14–17 жастағы қыздар да адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина ала алады. Денсаулық сақтау министрлігі жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында осындай шешім қабылдапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір елімізде 11 жастағы қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы жоспарлы вакцинациялау, 12–13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау жалғасып жатыр.
1 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 11–13 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы 398 мыңнан астам екпе салынған. Оның ішінде 248 мың қыз вакцинаның алғашқы дозасын алса, 150 мың қызға екінші доза егілген. Мамандардың айтуынша, вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі ауыр жағымсыз әсерлер тіркелмеген.
ОқыңызСанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алатындар қатарын кеңейту туралы өтініш азаматтардан көп түскен.
Осыған байланысты жасөспірімдерді қосымша қорғау және адам папилломасы вирусымен байланысты онкологиялық аурулардың қаупін төмендету мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер 13 мамырда арнайы қаулыға қол қойды.
Құжатқа сәйкес, адам папилломасы вирусына қарсы қосымша вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті түрде жүргізіледі.
Вакцина салу үшін қыздың өзінің немесе ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімі қажет. Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген мекенжай бойынша емханаларда салынады.
Қосымша вакцинация қолда бар вакцина қоры есебінен жүргізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін 2024 жылы қыркүйек айында Қазақстанда папиллома вирусына қарсы қыздарды вакцинациялау басталған еді. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялаудан өту керек болды. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жастағы қыздарға иммундау жүргізілетіні айтылды.
Желіде дау болған элиталы мектеп оқушысының "Қазақстан тарихы оқытылмайды" дегені шындыққа жанаспайды – Оқу-ағарту министрлігі