Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар пингвиндердің көмегімен мұхиттағы ластану деңгейін анықтады

 пингвиндердің көмегімен мұхиттағы ластану деңгейі
Фото: pixabay.com

Ғалымдар Жердің ең шалғай аймақтарының бірі – Патагонияда да ыдырамайтын қауіпті "химиялық заттар" (PFAS) бар екенін анықтады. Зерттеу барысында химиялық заттарды табуға магеллан пингвиндерінің көмегі тиген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дәстүрлі зертханалық әдістердің орнына ғалымдар пингвиндерді "тірі зерттеу құралы" ретінде пайдаланған. 55 құстың аяғына арнайы силикон датчиктер орнатылып, олар жүзу және қорек іздеу кезінде судағы химиялық іздерді жинаған.

Бірнеше күннен кейін бұл датчиктер алынып, зертханаға жіберілді. Талдау нәтижесі алаңдатарлық: үлгілердің 90%-дан астамынан PFAS анықталған.

PFAS – синтетикалық химиялық қосылыстар тобы. Олар жабыспайтын ыдыстар, су өткізбейтін киімдер, қаптамалар, өрт сөндіру көбіктері және түрлі өнеркәсіп өнімдерінде кең қолданылады. Бұл заттардың басты мәселесі – табиғатта өте баяу ыдырап, адам мен жануар ағзасында жиналып қалуы.

Кейбір зерттеулер PFAS-ты қатерлі ісік қаупінің артуымен, иммунитеттің әлсіреуімен және қалқанша без бен репродуктивті жүйе жұмысының бұзылуымен байланыстырады.

Ғалымдарды ерекше алаңдатқаны – Патагонияда тек бұрыннан белгілі PFAS түрлері ғана емес, "қауіпсіздеу балама" деп саналатын жаңа химиялық қосылыстардың да табылуы.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл дерек ластанудың жаһандық деңгейде таралғанын көрсетеді. Адам әсері аз деп саналатын аймақтардың өзі өнеркәсіптік химиядан тыс қалмаған.

Сонымен қатар мамандар бұл әдісті маңызды жетістік деп бағалап отыр. Бұрын жануарлардан қан немесе тін алып зерттеу жүргізілсе, жаңа тәсіл пингвиндерге зиян келтірмей-ақ дерек жинауға мүмкіндік береді.

Ғалымдардың айтуынша, бұл технологияны басқа теңіз жануарларына да қолдануға болады. Осылайша, химиялық ластанудың таралуын бақылайтын жаһандық жүйе құруға жол ашылуы мүмкін.

Stan.kz
Дүйсенбі, 11 Мамыр, 2026 17:31