Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Дүниежүзілік кеден ұйымының басшысымен "ақылды шекара" мәселесін талқылады

Тоқаев пен ДКҰ басшысы
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерспен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев Дүниежүзілік кеден ұйымымен еліміздегі кеден заңнамасын жетілдіру және кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруға қатысты ынтымақтастық маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

“Президент Қазақстан Еуразиядағы көлік қатынасын нығайтуға және жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға көп күш-жігер жұмсап жатқанын айтты. Сондай-ақ "ақылды шекара" моделін дәйекті түрде дамытып келе жатқанын, кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін цифрлық шешімдер кеңінен қолданылатынын жеткізді”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Иэн Сондерс Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынына жоғары баға беріп, Қазақстанның кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруде, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде және тиісті органдардың институционалдық құзыретін нығайтуда елеулі табысқа жеткеніне тоқталды.

Президент пен ұйым жетекшісі 30 жылдан аса уақыт бойы табысты ілгерілеп келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады.

Келіссөз
Фото: akorda.kz

Бұдан бөлек, әлемдік саудадағы сын-қатерлер мен үдерістер жайында пікір алмасып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азия өңірінің көлік-логистика әлеуетін арттыру перспективасына айрықша назар аударды.

Тоқаев серіктестік пен достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерсті II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.

Еске салсақ, бұған дейін 1 қарашадан бастап шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін ақылы электронды рұқсат алуға міндеттелетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 22:24