Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заң алдында жауап берсін": Бейбіт Әлібековтің көлігімен трюк жасаймын деп опат болған жігіттің анасы оны да жауапқа тартуды талап етті

Кәсіпкер Бейбіт Әлібековтің көлігімен контент түсіремін деп ажал құшқан Батырхан Ержанның анасы тергеудің ұзаққа созылғанына шағымданды. Әйелдің айтуынша, баласына көлігін берген кәсіпкер Бейбіт Әлібековті де жауапқа тарту керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Марқұмның туыстары құзырлы органның оқиғаға қатысты қозғаған қылмыстық ісіне де көңілі толмайды. Олар өлімге әкелген жайтты абайсызда емес, қасақана жасалған қылмыс ретінде қарауды талап етіп отыр. Одан бөлек, жас жігітке қызыл темір тұлпарын берген Бейбіт Әлібековтің өзі де жауапкершілікке тартылсын дейді анасы. 

Айта кетейік, 22 жастағы жігіт Батырхан Ержан былтыр 29 қазанда зымырап келе жатқан көліктің алдына шығып, жақындай берген сәтте үстінен секіріп өтуге тырысқан. Осылайша қауіпті трюк жасап, әлеуметтік желіде елді тәнті қылар видео түсіргісі келген көрінеді. Алайда кәсіпкер берген қызыл жүйрік жігітті соғып өтіп, жас блогер тірі қалуы мүмкін емес жарақат алды. 

Марқұмның анасы оқиғадан бері 2 ай өткенін және істі тергеуге полицейлер әлі нақты шара қабылдамағанын айтады. Дәметкен Әубәкірованың айтуынша, көлік рөлінде болған жүргізушіні күдікті деп танығанмен оны қамауға да алмаған. 

"Баламның өлімін қасақана жасалған қылмыс ретінде тергеуін талап етемін. Өйткені 45 жастағы ер адам қауіпті түсіне тұра жоғары жылдамдықпен жүрді. Тоқтаған жоқ. Осылайша алдында тұрған адамды қағып өтті. Бұл абайсызда жасалған әрекет деуге келмейді. Сосын баламның қауіпті іске баратынын түсінсе де, көлігін берген кәсіпкер Бейбіт Әлібеков те заң алдында жауап берсін!" – деді марқұмның анасы.

Жігіттің жақындарының айтуынша, рөлде болған жүргізуші де – кәсіпкердің шопыры. Бейбіт Әлібеков бұл сөзді жоққа шығармады. 

"Басында ұзақ уақыт бойы көлікті беруден бас тартып жүрдім. Бірақ ол жігіт ізімнен қалмай, қайткен күнде де машинаны алудың амалын жасады. Соңында менің ұлым арқылы байланысқа шықты. Сөйтіп көлікті бердім. Алайда оның мұндай тым қауіпті әрекетке баратынын білмедім. Олар автодромда жүргенде қасында болмадым. Әрине, туыстарының наразылығын түсінемін. Оңай емес. Істің анығын тергеу шешеді", – деді кәсіпкер Бейбіт Әлібеков.

Ал Алматы облысы полициясы қазір оқиғаны әлі зерттеп жатыр. Іс әзірге абайсызда қазаға ұшырату фактісі бойынша тергеліп жатыр. 



Еске салайық, бұған дейін Бейбіт Әлібеков көлігімен қауіпті трюк жасау кезінде көз жұмған жігіттің отбасына ақша жинап жатпағанын айтты. Ол алаяқтардың осы жағдайды пайдаланып жүргенін ескертті. Әлібеков бұл туралы әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, ешкім ешқандай қаражат жинап жатқан жоқ.

Талқылау