Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Токио-2020: Қазақстандық күресшілер Эльмира Сыздықова мен Мейрамбек Айнағұлов жеңіліп қалды

Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов пен 76 келі салмақ дәрежесінде әйелдер арасынан Эльмира Сыздықова алғашқы кездесуде қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық спортшы 60 келіде қырғызстандық Жоламан Шаршенбековпен шеберлік шайқасты. Қарсыласы да осал емес. 2018 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Ал Мейрамбек 2017 және 2019 жылдарда әлем чемпионатында екі медаль алып қайтқан болатын.

Бүгінгі белдесуде қырғыз балуаны мықтылығын танытты. Ол Мейрамбектен 8:0 есебімен басым түсті. Нәтижесінде ширек финалға жолдама алды.

76 келі салмақ дәрежесінде әйелдер арасынан Эльмира Сыздықова боз кілемге шықты. Алғашқы айналымда оның қарсыласы қырғызстандық Айпері Медетқызы болды. Екеуара кездесу 8:1 есебімен қырғызстандық Айпері Медетқызының еншісіне шешілді. Қырғызстандық Айпері Медетқызы финалға шыққан жағдайда Қазақстан спортшысы Эльмира Сыздықова жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік алады. Айта кетерлігі, жарыстың бірінші күні кілемге грек-рим күресінің балуандары да белдеседі.

Айта кетейік, Олимпиадада енді грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі) пен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) ел намысын қорғайды.

Еске салсақ, бүгін бокстан Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) пен Әбілхан Аманқұл (75 келі) шаршы алаңға шығады.

Талқылау