Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқалыңа чемодан сатып ал": Алматыда белгілі сауда үйінің жарнамасы тұрғындардың ашуына тиді (видео)

Әлеуметтік желіде белгілі сауда ойын-сауық кешенінің жарнамасы қазақстандық қолданушылардың қатты ашуын тудырды. Дауға қатысты Алматы әкімдігі мен Grand Park сауда орталығының өкілдері түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото Grand Park сауда орталығының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған

Алматыдағы Grand Park сауда ойын-сауық кешенінің Instagram желісіндегі ресми профилінде авторлары "Тоқалға чемодан сатып ал, әйеліңе чемоданды тегін ал" деген ұранмен байқау өтетіні туралы айтылды.

Алайда жарнамадағы сөйлем желі қолданушыларының көңіліне тиді.

"Көзін құртыңдар! Қоғамның алдында жауап беріңдер. Біреу үшін ол қатты тиді. Этика тұрғысынан жауап бересіңдер", "Қай маркетологтың идеясы екен?", "Заңды бұзды. Біз өркениетті елде өмір сүріп жатырмыз, ал біздің мемлекетімізде қарым-қатынасты рәсімдеген азаматтардың бұрынғы некелерін бұзбай жаңа отбасын құруға құқығы жоқ", "Неге осыған жол бересіздер? Отбасы құндылықтарын жою үшін бе?", – деп желі қолданушылары ренішін айтты.

Дүкен жарнамасының суреті Buzyq Telegram арнасында да жарияланған.

Келеңсіз мәселеге қатысты Алматы әкімдігі мен Grand Park сауда орталығының өкілдері жауап берді.

"Қала құрылысы және урбанистика бөлімінің мәліметіне сай, жоғарыда аталған мекенжай бойынша сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру кезінде басқармаға сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру туралы хабарлама жіберілмеген", – деп жауап берді Алматы әкімдігінің өкілі. 

Алайда Grand Park сауда орталығының әкімшілігі жауапсыз қалды.

Әкімдіктің айтуынша, жоғарыда айтылғандардың негізінде әкімшілікке жарнама туралы заңнамасының талаптарын бұзуды жою туралы ұсыным беріледі.

Бұған белгілі тіл маманы, медиатренер Назгүл Қожабек Facebook-тағы парақшасында наразылығын білдірді.

"Кім, қайда жазғанын былай қоя тұрайық. Қазіргі қазақ тіліндегі үлкен проблеманың бірі – осы. Орысшада "купи жене, купи маме, иди к бабушке" болып кете берген соң, қазақшада да "тоқалға, әйелге, апаға, атаға" дей береміз. Мынаның орысшасы – купи токалке. Шындағанда, қазақ тілінің ерекшелігі де сол – ана сөздердің бәрі тәуелденуі керек. "Ағаның үйі, ата айтты" дегендей нәрсе – қазақша емес. АғаМның үйі, әйелІҢе әпер, тоқалЫҢА шабадан әпер, апаҢА айт, мамаҢА бар, папаМ айтты болады. Біз қазір осыдан ажырап бара жатырмыз", – деді тіл маманы.

Талқылау