Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқаевқа қарсылас болуға дайынмын": Түрмеде отырған Жанболат Мамайдың әйелі президенттік сайлауға түскісі келетінін мәлімдеді

Қазақстанда тіркелмеген "Демократиялық таңдау" оппозициялық партиясының мүшесі Инга Иманбай  Орталық сайлау комиссиясына барып, президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа бәсекелес болуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда ОСК өкілдері Иманбайдың кандидатурасы заң талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, кандидатурасын тіркемеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Инга Иманбай 2022

Инга Иманбай жазбасында заңда көрсетілген талаптарды білетінін, оның барлығы тәуелсіз кандидаттарды тіркемеу үшін әдейі жасалған кедергі екенін мәлімдеді.

"Қазақстанның 1 пайыз ғана азаматының үміткер болу құқығы бар. Басқамыздың конституциялық құқымызды өрескел бұзып отыр. Біздің бәрімізді адам санатына қоспағандары ғой? Басқа елдерден мұндай сорақылықты көрмейсің", - деп жазды Иманбай Facebook парақшасында.

Инга Иманбай қазір 33 жаста ал сайлау заңнамасы бойынша Қазақстан президенті болып жасы қырықтан кіші емес азамат сайлана алады.



"Атам қазақ "ақыл жастан", немесе "жас келсе іске" деп,  өздерінің ізін басқандарға жол беріп, демейтін еді. Мыналар болса, жастардан қорқады. Эммануель Макрон қырыққа толмай-ақ Франция сияқты дамыған елді басқарды емес пе? Бар-жоғы 31 жасында Австрияның канцлері болған Себастьян Курц ше? Сонда, француздар мен австриялықтар кемсіп қалды ма? Кімнен кем тұрады?", - деп жалғады ол.

Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясына бару арқылы халыққа сайлаудың әділетсіз екенін көрсеткісі келген.

"Біз отыз жылдан астам уақытта қолдарыңыздан түк келмейтінін көрдік. Бүгін елдің басына, мемлекеттігімізге қауіп төніп тұрғанда, Назарбаевтың ескі сүрлеуінен шығып, дамудың жаңа даңғыл жолына түскіміз келеді. Басқа өркениетті елдермен терезесі тең өмір сүргіміз келеді. Халықтың ондай ізгі ой-ниетін тежейтіндей, шектейтіндей жаулық пиғылдан арылатын кез келді", - деп түйіндеді Иманбай.

Еске салайық, "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай биылғы 26 ақпаннан бері қамауда отыр.

Қамауға дейін Мамай Қылмыстық кодекстің екі бабы: "Билік өкілін қорлау" (378-бап) және "Жалған ақпарат тарату" (274-баптың 2-тармағы) баптары бойынша айыпталып, күдікті ретінде тергеліп келген. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты тағы екі бап бойынша айып тағылған. Ол "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" (272-баптың 1-тармағы) және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" (274-баптың 4-тармағы) деген күдікке ілінді.

Жанболат Мамай егер айыпты деп танылса 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Талқылау