Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді

Президент төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл кеңесі өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Жиында ұлттық қауіпсіздіктің бірқатар өзекті мәселесі қарастырылды. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бірінші кезектегі міндет екенін атап өтті", - делінген хабарламада.

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов "қаңтар оқиғаларына" қатысты тергеу жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 3024 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатыр.



Прокуратура органдарының мәліметіне сәйкес, 779 адам қамауда отыр. Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық және қарақшылық әрекеттері үшін бұрын сотталған.

Ұсталғандардың тұлғалары анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы алмастырылған. Олар кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен және жеке кепілдік берумен босатылды.

Прокурорлар тәртіпсіздікке қатысы дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан.

"Ұсталғандарды азаптау туралы әрбір хабарлама жіті тексеріледі. Прокурорлар адвокаттармен, құқық қорғаушылармен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен әрдайым байланыста. Оларға тергеу изоляторларына, уақытша ұстау изоляторларына және ұсталу себебін анықтайтын арнаулы орындарға кіруге мүмкіндік берілген", - деді Нұрдәулетов..

Прокуратураға ұсталғандар тарапынан 305 шағым түскен. Құқықбұзушылыққа қатысты 62 шағым расталмаған. Азаптау және билігін асыра пайдалану дерегі бойынша құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен 170 қылмыстық іс қозғалып отыр.

Талқылау