Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәсімовтің қамаудағы жағдайы туралы адам құқықтары жөніндегі уәкіл айтып берді

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен төңкеруге әрекет етті деген күдікке ілінген ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов әзірге тергеу изоляторындағы жағдайына шағымданбағанын мәлімдеді, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі BaigeNews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ҰҚК экс-басшысының жағдайы қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген барлық ұсталғандармен бірдей екенін айтты. Бірақ бірқатар айырмашылықтар да бар көрінеді.

"Мәсімовтәң жағдайын арнайы топтарымыз тексерді, бізде бұл туралы барлық ақпарат бар, бірақ біз барлық деректерді ашық айта алмаймыз, ондай мүмкіндігіміз жоқ. Әзірге бізге ешқандай шағым түскен жоқ, сондықтан мен егжей-тегжейлі айта алмаймын. Камера – қандай жағдайда да камера, ол жалғыз адамдық болсын, бірнеше адамға арналған камера болсын, ешқандай айырмашылық жоқ. Өйткені негізгі мақсат адамды қоғамнан оқшаулау. Камерада ұстау жағдайларының бірнеше түрлері бар. Ішкі істер органдарында орналасқан уақытша ұстау изоляторлары және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қарамағындағы уақытша ұстау изоляторлары, ҰҚК-нің тергеу изоляторы бар. Олар ұстау жағдайлары бойынша аздап ерекшеленеді. Әдетте, ҰҚК-нің тергеу изоляторларында ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасайтындар жататынын ескерсек, қылмыстық-атқару жүйесінің қарапайым тергеу изоляторына қарағанда аз адам ұсталады. Ешқандай айырмашылық жоқ, адвокаттарға қолжетімділік, медициналық көмек, тамақ – қамаудағылардың барлығының жағдайы бірдей. Мысалы, бір жерде ыстық су бар, бір жерде жоқ деген түсінік болуы мүмкін емес. Тіпті ҰҚК-нің тергеу изоляторында да күшейтілген режим болуы мүмкін", - деді Әзімова.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, құқық қорғаушылар қамаудағыларды бөлмей, көмек керек болса, барлығына бірдей көмек көрсетеді. Эльвира Әзімова әріптестерімен аймақтарды аралап, қаңтардағы қақтығысқа қатысты деген күдіктілермен кездесіп жүр. Уәкіл ұсталғандардың көпшілігіне Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша ұсынылғанын айтады.

"Күдіктілердің көпшілігі "Жаппай тәртіпсіздіктер" бабы бойынша ұсталды. Иә, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, қару-жарақ немесе басқа да заттарды сақтауға қатысқандар бар. Бірақ ұсталғандардың назарына ұсынылған екі бап басым - бұл 272 бап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі "Жаппай тәртіпсіздіктер" және ҚР ҚК 188 бап "Ұрлық".  5-19 қаңтар аралығында бізде төтенше жағдай болғанын ескерсек, оқиғадан кейінгі алғашқы күндерде жетінші күні бұл мекемелерге кіре алмадық, себебі бізде төтенше жағдай туралы заң бар еді. Негізі біз тергеу изоляторларына 13 қаңтардан бастап кіре алдық. Бұл үшін құқық қорғау органдарына алғыс айтамыз. Бірақ адам құқықтарының бұзылуына келетін болсақ, біз оны хабарлауымыз керек. Және бұл сапарлардың нәтижесінде адамдар босатыла бастады. Бірақ біз бостандыққа шығып қана қоймай, соттың әділетті  болғанын қалаймыз", - деді Әзімова.

Уәкіл қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды құқықтық қорғауға көптеген адвокаттардың қосылғанын айтады. Олардың кейбіреулері комиссия құрып, қамаудағыларға қолдау көрсетіп, заңгерлік көмек көрсету мақсатында үлкен науқан жүргізіп жатыр. Әзімованың айтуынша, қазір қамауда отырған көптеген қазақстандықтар тек заң ғана емес, психологиялық көмекке де мұқтаж. Әсіресе, тергеу изоляторына алғаш рет түскендер.

"Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік абдырап қалды. Қазір олар есін жиып жатыр. Апта сайын бізге 10-15 өтініш түседі. Бірақ бұл өтініштер тек азаптау мен жәбірлеу туралы ғана емес, процессуалдық заң бұзушылықтар туралы, тиісті медициналық көмек көрсетпеу туралы шағымдар. Мысалы, бүгінде бізде 62 өтініш бар, оның 32-сі азаптау немесе қатыгездік көрсету туралы. Бірақ бұл түпкілікті сандар деп айтуға әлі ерте. Қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсететін басқа да құқық қорғау ұйымдары бар. Азаптауға қарсы коалиция, "Аманат" және "Ақиқат" екі қоғамдық комиссиялары, "Қаңтар" орталығы көмек көрсетеді", - деді адам құқықтары жөніндегі омбудсмен.

Әзімованың айтуынша, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу мүмкіндігі бар, бірақ құқықтық көмекті тарту және көрсету үшін ресурстар жоқ. Бұл тұрғыда тікелей адвокаттар кіретін құқық қорғау ұйымдарының мүмкіндіктері көбірек дейді

Талқылау