Тина Канделаки қазақтарды "мәңгүрт" деп атап, Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің көмекке келгенін еске салды
Ресейлік тележүргізуші және журналист Тина Канделаки орыс тілінің ығыстырылуы туралы жазбасына берген Қазақстанның жауабына көңілі толмады. Желідегі кезекті жазбасында ол қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің Қазақстанға көмектескенін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: film.ru
Ол өзіне берілген жауапта жаңа ешнәрсе жоқ екенін айтты. Сол баяғы айқай-шу дейді.
"Құрметті қазақтар, сіздерде қарапайым, бірақ кең мағыналы "мәңгу" деген сөз бар. Сол сөзден белгілі мәңгүрт бейнесі шығады. Ол – есте сақтау қабілетінен, болмысынан және санасынан айырылған адам. Өзіңізді және өткенде болған барлық нәрсені ұмыту, тарихты және тарихи атауларды естен шығару жай ғана сауатсыз емес, қауіпті әрекет", - деді ол.
Журналист өткенді еске алмау “Борат” фильміндегі мінез-құлыққа сәйкес болу дегенді білдіретінін жазды.
Фильмге Қазақстаннан басқа кім тыйым салды? Ресей мен Парсы шығанағы елдері. Ал Батыс елдері ше? Қазақтарға мән бермеді. Олар үшін қазақ ешкім емес. Жауабы фильмнен анық көрінеді. Қазақстан елі екі жыл бұрын жойылып кете жаздады. Сол кезде көмекке келген көрші жақсы ма, әлде жанып жатқан қала ма?" - деп жазды Канделаки.
Айта кетейік, күні кеше ресейлік журналист Тина Канделаки Telegram-арнасына жазба жариялап, “Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр" деп айыптаған еді. Оның жазбасына белгілі журналист Динара Сәтжан жауап беріп, өзге елде өз ережесін жүргізе алмайтынын айтқан еді.