Тілеухан 7 жасар баланың ісін жымын білдірмей жаба салайық деген пиғылдағы адамның бәрі – сыбайлас
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ОҚО-дағы зорланды делінген 7 жасар баланың жағдайына алаңдады.
Халық қалаулысы қазақтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірдегі болған жағдайды жантүршігерлік оқиға деп атады.
“Жантүршігерлік оқиға. Қазақтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің Сарыағашында, оның ішінде ұлы дана Абайдың атын иемденген ауылда. Әңгімеге арқау Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектепте оқитын ана сүті аузынан кеппеген 7 жасар баланың жағдайы. Қоғамның айыптап жатқаны – Жүсіп Баласағұн атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары жасады деген құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық. Біз елді-мекен, мектептерімізге аяулы тұлғаларымыздың есімін беріппіз, өнегесін ескермеппіз. Жеті жасар баланың өміріндегі трагедияға жаны түршікпейтін қоғамның өзінен де түршігуге болады. Бірақ бұл жағдайда азаматтық қоғамның айнасы делінетін әлеуметтік желі дұрыс реакция беріп жатыр”, — деп жазды Тілеухан фейсбуктегі парақшасында.
Мәжіліс депутаты осы іске қатысы бар кінәлілер қатаң жазалануы керектігін, педофильге берілетін жаза күшейтілуі тиістігін атап өтті.
“Қоғам талабы қашан да ескерілген. Көптеген өзгерістерге қозғау болған. Қалай дегенмен, кінәлары дәлелденсе, кім болса да, әділ және мүмкіндігінше қатал жазасын алуы тиіс! Осыған аяушылық жасап, жымын білдірмей жаба салайық деген пиғылдағы адамның бәрі – сыбайлас, соны білсін! Педофилияға қатысты заңнамадағы жазаның бәрін күшейту керек!”, — деді депутат.
“Ақпараттың кесірінен адам санасының бұзылғаны сондай, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қылмыстардың куәсі болып жатырмыз. Зағипа Балиева Сарығаштағы баланың мәселесі бойынша кетті ғой. Бірақ бір өкініштісі, бір таңғалатын нәрсе – білім және ғылым министрлігі, ішкі істер министрлігі неге үндемейді? Бүкіл әлеуметтік желі шулап жатқан кезде, үн-түнсіз қалып отырғаны адам таңғаларлық нәрсе. Мұндай мәселеге бейтарап қарауға болмайды”, — деді Тілеухан.
Мәжілісмен қоғамда белең алып бара жатқан азғындыққа кінәлі адамдарды жұмыстан босату арқылы тосқауыл қою мүмкін емес екенін ашына жазды.
“Мұнда Аягөздегі су басуға алаңдап жатырмыз ғой, ол – табиғаттың ісі, айтып келмейтін апат еді. Ал Сарыағаштағы сұмдық – адамның ісі, айтуға ауыз бармайтын айуандық еді. Бұның түп-тамырын қазсақ, әрқайсымызға тіреледі. Жергілікті деңгейде сынып жетекшісі, мектеп инспекторы, мектеп психологы, ата-ана, мектеп басшысын кінәлармыз. Орнынан кетер, орнына басқа адам келер, жарайды. Бірақ, мемлекеттік жастар идеологиясының ию-қиюы шыққанын, қоғамдық ұяттың азайғанын, кинодан сән, әннен мән кеткенін мұндай шешіммен түзей алмайсыз. Түзей алмаймыз”, — деді ол.
Тағы оқыңыз:
ОҚО-дағы 7 жасар баланың ісіне қатысты қызық сәйкестіктер пайда болды
Алматы облысында әскерге барған жігіт өлім аузында жатыр
Маңғышлақ-Алматы пойызының жолсеріктері жолаушы әйелді босандырып алды