"Тіл майданы" қозғалысының белсендісі Қуат Ахметов елден кетуге мәжбүр болды
"Тіл майданы" қозғалысының белсендісі Қуат Ахметов елден кетуге мәжбүр болғаны жөнінде белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Абзал Құспан мәлімдеді. Ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына Қуат Ахметов отырған ұшақтың ұшып бара жатқанын көрсеткен бейнежазбаны жариялаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"7-бап қағаз жүзінде:
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
Іс жүзінде:
Кеше, ҚР Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында, анығы, даталы күнге 1 сағат қалғанда, Қуат Ахметов елден шығып кетуге мәжбүр болды”, – деп жазды ол өз жазбасында.
Бұл жайтқа адвокаттан бөлек басқа белгілі тұлғалар да өз алаңдаушылықтарын білдіріп, пост жариялаған. Соның ішінде Асхат Асылбеков: “Енді ғана естіп отырмын, кетерінде қалтасында 160 доллар ғана болған екен. Бәріміз қосылып көмектесейік”, – деп елге үндеу жариялаған.
"Дамыған елміз дейміз...
Қуат Ахметов өз елінде өз ана тілінде сөйлегені үшін қуғындалды! Өз елінен кетті! Кетуге мәжбүрледі. Ұят! Еліміз үшін қара таңба! Ұлы тілдердің арасында ана тіліміздің қаңбақтай қадірі қалмағаны ма? Бұл бір ғана адамның басынан өтіп жатқан жағдай емес..." , – деп жазған өз парақшасында.
Сонымен бірге Абзал Құспан:
"Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтаннан үйлеспей, Ақтау арқылы қалай, қайтіп шығарып жібергенімізді кейін айта жатармын, әзірге Қуат туралы мына жәйттерді біліңіз, ол:
- банк тонап, миллиардтарды ұрлап,
- билікте отырып, елін тонап,
- қылмыс жасап, соның ізін жасыру үшін, қашқан жоқ! Ол – күрес жолын таңдады”, – деп жазады.
Естеріңізге сала кетейік, Til Maydani YouTube арнасының негізін қалаушы Қуат Ахметов қоғамда наразылық туғызған "тілдік рейдтер" деп аталатын роликтер топтамасын жариялады. Дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлерінің оған және басқа тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуінен туындаған жанжалдар бейнежазбада бейнелеген.